Caspian News, 22 мамыр. Атырау өңірінде өнерлі жеткіншектердің басын қосқан үлкен мәдени шара өтті. Аймақта алғаш рет төменгі сынып оқушылары арасында «Unison Үндестігі» атты облыстық хор байқауы ұйымдастырылды. Әсем ән мен үйлесімді үнді ұлықтаған бұл өнер додасына қала мектептері мен аудандардан келген 1-6 сынып оқушыларынан құралған 9 хор ұжымы қатысты.
Сахна төрінде 200-ден астам оқушы бақ сынап, өздерінің вокалдық шеберліктерін, сахна мәдениеті мен ұжымдық шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Жас таланттардың орындауында туған жерді, елдегі бірлік пен бейбітшілікті дәріптейтін патриоттық шығармалар мен ұлттық халық әндері шырқалды.
Таланттарды шыңдау — басты мақсат
Шараны ұйымдастырушылар бұл жобаның балалар шығармашылығын дамытудағы рөлі зор екенін атап өтті.
Мақаш Ильясов, Таланттарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары:
«Бұл облыстық байқау биыл Атырау облысында алғаш рет өткізіліп отыр. Мұны төменгі сынып мектеп оқушылары арасындағы әсем ән мен үйлесімді үнді ұлықтайтын ерекше өнер мерекесі деп білеміз. Байқаудың негізгі мақсаты — өнерге деген қызығушылығы мен қабілеті бар балаларды ерте жастан қолдау, олардың бойындағы таланттарын ашу және шыңдау».
Қатысушылардың шеберлігі мен дайындық деңгейін кәсіби музыканттар мен хор өнерінің майталмандарынан құралған қазылар алқасы әділ бағалады. Мамандардың пікірінше, бұндай жобалар аймақтағы музыкалық тәрбиенің сапасын арттыруға септігін тигізеді.
Айбол Баймұқатов, Д. Нұрпейісова атындағы Атырау музыка академиясы колледжінің студенттік хор жетекшісі:
«Бұл — өте үлкен жоба және балалар өнері, оның ішінде хор мәдениеті үшін таптырмас үлкен мүмкіндік. Осындай конкурстар жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса, еліміздегі хор өнерінің дамуы мүлдем жаңа, үлкен бір белеске шығады деп ойлаймын».
Байқау жеңімпаздары анықталды
Қазылар алқасының шешімімен үздік өнер көрсеткен ұжымдар арнайы номинациялармен («Жас толқын», «Үздік хор ұжымы», «Үздік вокалдық орындау», «Үздік дирижер») марапатталып, оларға «Көрермен көзайымы» жүлдесі табысталды.
Байқаудың қорытынды нәтижесі:
-
І орын: Махамбет ауданы Алмалы орта мектебінің «Еркем-ай» хор ұжымы;
-
ІІ орын: Қызылқоға ауданы Жаңашаруа қазақ орта мектебінің «Еркеназ» хор ұжымы;
-
ІІІ орын: Исатай ауданы Абай атындағы орта мектебінің «Арғын» хор ұжымы.
Алғаш рет шымылдығы түрілген облыстық хор байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып тұрмақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
