Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

КӘРІЗ СУЫНАН КӨЗ АШПАҒАН АТЫРАУЛЫҚТАР ШУ ШЫҒАРДЫ: ЖАУАПТЫЛАР МАУСЫМ АЙЫНДА ШЕШУГЕ УӘДЕ БЕРДІ

Caspian News, 22 мамыр. Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов көшесі, 118б мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері кәріз суы мен қолқаны қабатын жағымсыз иістен көз ашпай отырғандарын айтып, наразылыққа шықты. 100 пәтерлі тұрғын үйдің жертөлесі толығымен ағынды суға толып, тұрғындардың денсаулығына елеулі қауіп төндіруде.

Аталған баспана әу баста 1969 жылы пайдалануға берілген. Кейін, 2012 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйді жаңғырту (модернизациялау) жұмыстары жүргізілген. Алайда, тұрғындар сол кездегі жөндеу жұмыстарының сапасыздығын айтып, сотқа дейін жүгінген. Атқамінерлер құбырларды тазалап беруге уәде еткенімен, іс жүзінде ештеңе жасалмаған. Тұрғындардың айтуынша, тозығы жеткен кәріз құбырлары биылғы жылдың наурыз айында мүлдем жарылып, жағдай ушыға түскен.

Тұрғындар жанайқайы: «Үй іші де, дала да боқ сасып тұр»

Жертөледегі кәріз суының буы мен жағымсыз иісі пәтерлердің ішіне дейін кіріп, антисанитариялық жағдай қалыптастырған.

Мария Ивановна, қала тұрғыны:

«Бұл кәріз суына батып кетуге болады, жертөле толығымен су астында қалды. Жағымсыз иістің күштілігі сондай — улы газдан уланғандай адам тынысы тарылып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Біз әкімдікке талай рет шағымдандық. Тіпті, қайта жаңғыртудан кейін олармен соттасқан болатынбыз. Олар кәріз жүйесін тазалап береміз деп уәде берген, бірақ әлі күнге дейін ештеңе істемеді. Құжат жүзінде бәрі әлдеқашан орындалып, керемет болып тұр».

Қанат Уахитов, қала тұрғыны:

«Үйге немерелерім келгенде, «ата, үй боқ сасып тұр» деп ішке кірмей сыртқа қашады. Құбырдың иісі унитаз арқылы тікелей үйдің ішіне шығып, жатқызбайды. Масаның көптігінен не үйде, не далада отыру мүмкін емес. 2012 жылы модернизациядан өткенде жартысын ғана тазалап, қалғанын солай қалдырып кетті. Ол үшін біз 54 миллион теңге төледік».

Тұрғындардың сөзінше, олар осыдан екі ай бұрын Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне ресми түрде жүгінген. Сол кезде басталған жұмыстар көп ұзамай қайтадан аяқсыз қалған.

Билік уәжі: «Әлеуметтік нысандар біткен соң бастаймыз»

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аталған мәселеден толық хабардар екенін жеткізді. Олар жұмыстың созбаққа салынуын қалада жөндеуді қажет ететін нысандардың тым көптігімен және жұмыс күшінің жетіспеушілігімен түсіндірді.

Ербол Айтқалиев, Атырау қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторы басшысының міндетін атқарушы:

«Жұмыстың дер кезінде басталмауының басты себебі — қазіргі уақытта қалада басқа да маңызды нысандар бар. Нақтырақ айтқанда, біз бірінші кезекте әлеуметтік нысандарды қамтып жатырмыз. Қазіргі таңда мердігер мекеменің 3 бригадасы мектептердің аумағында, ал 1 бригадасы балабақша аумағында шұғыл жұмыстар жүргізуде. Ол жерлердегі жұмыс аяқталған соң, Махамбет көшесіндегі үйлерді жөндеуді бірден бастаймыз, бұл біздің жоспарда бар. Негізгі жұмыстар маусым айының басында басталады».

Түйін: Шенеуніктер тұрғындарды сабырға шақырып, мәселені маусым айының алғашқы онкүндігінде шешуге уәде бергенімен, Махамбет көшесіндегі 118б үйдің тұрғындары бұл сөзге сенуден қалған. Себебі, бұл уәденің айтылып келе жатқанына бірнеше жыл болған, ал халық күнделікті тұрмыста лас су мен антисанитария зардабын әлі де тартып отыр.

Оқи отырыңыз...

МАҚАТТА БАТЫР МҰСА БАЙМҰХАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

ПОГРАНИЧНОЙ СЛУЖБЕ КАЗАХСТАНА 33 ГОДА

АТЫРАУДА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ МЕН ҰЖЫМ АРАСЫНДА ДАУ ТУЫНДАДЫ