Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыЖаңалықтар

ТҮНГІ АПАТ: АҚТӨБЕДЕ БЕС ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҒЫП, 50 АДАМ ЭВАКУАЦИЯЛАНДЫ

Caspian News, 22 мамыр. Ақтөбе қаласында түн ортасында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде ірі өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жау бес қабатты тұрғын үйдің шатырынан тұтанған.

Қызыл жалын әп сәтте ұлғайып, жалпы аумағы 290 шаршы метрді шарпыған. Төтенше жағдай салдарынан көкке көтерілген қою түтін қаланың көршілес аудандарына да анық көрініп, тұрғындар арасында үрей туғызды. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар мен арнайы жасақ өкілдері қауіпті аймақтан 50 адамды, соның ішінде 12 баланы жедел түрде қауіпсіз жерге эвакуациялады. Сауатты жүргізілген құтқару операциясының арқасында адам шығынына жол берілген жоқ.

Жедел әрекет: Өртті сөндіруге 60-тан астам маман жұмылдырылды

Апаттың ауқымына байланысты құтқару жасақтары жоғары дабыл деңгейі бойынша әрекет етті. Тілсіз жаумен күреске бірнеше шұғыл қызмет тобы біріге кірісті.

Әділет Әбдікалин, Ақтөбе қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

«Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жоғары шақырту дәрежесі бойынша оқиға орнына жедел түрде жұмылдырылды. Тілсіз жауды ауыздықтау мен өртті сөндіру жұмыстарына ТЖД бөлімшелерінен бөлек, Жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерін қосқанда жалпы саны 65 адам және 28 техника тартылды. Бірлескен жедел әрекеттің нәтижесінде өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккен немесе улы газға уланған азаматтар жоқ».

Қазіргі жағдай: Көпқабатты үйдің шатырында тұтанған өрттің шығу себебі мен келтірілген материалдық шығын көлемін анықтау үшін ТЖД арнайы мамандары мен зертхана қызметкерлері тиісті сараптама жұмыстарын бастап кетті. Эвакуацияланған тұрғындарға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілді.

Оқи отырыңыз...

Астанадағы қайғылы оқиға: Бес баланың өмірін жалмаған өрттің мән-жайы

ЗҰЛМАТ ЗАМАН ҚҰРБАНДАРЫ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

АМАЛ КЕЛДІ, АҒАЙЫН!