Caspian News, 10 маусым. Атырау қаласында көгалдандыру және жасыл желектерді көбейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері шаһар аумағында 2 мыңнан астам көшет отырғызылды. Мамандардың айтуынша, егілген ағаштардың барлығы жергілікті климаттың қатаңдығына төзімді, көпжылдық өсімдіктер.
Қазіргі уақытта қаладағы жасыл желектерді күтіп-баптауға «Каспийдормострой» ЖШС жауапты. Серіктестіктің теңгерімінде 96 мыңға жуық ағаш, 11 мың шаршы метрден астам гүлзар және арнайы суару жүйелері бар. Ауқымды жұмыстар аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, ауадағы шаң-тозаң мөлшерін азайтуға септігін тигізбек.
Қаланың қай аймақтарына қандай ағаш егілді?
Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің абаттандыру және көгалдандыру секторының меңгерушісі Мәулен Саламатовтың мәлімдеуінше, көшеттер қала орталығы мен маңындағы ауылдарға кезең-кезеңімен отырғызылған:
-
Жастар саябағы: 200-ге жуық шырша;
-
Жеңіс саябағы: 120-ға жуық қарағай;
-
Әбілқайыр хан даңғылы (Әуежай маңы): 250-ге жуық қарағай;
-
Балықшы саябағы: 500 дана «Мацудана» талы (ива мацудана);
-
Облыс әкімдігі айналасы: 330-ға жуық ерен (ясен) ағашы;
-
Исатай-Махамбет алаңы мен Геолог емханасы маңындағы саябақ: Барлығы 300-ге жуық көшет;
-
Ауылдық округтер: Жаңаталап ауылында – 200, Дамбы ауылында – 120 ағаш егіліп, күтіп-баптау жұмыстары басталды.
Болашаққа жоспар: Көгалдандыру аумағы жүздеген гектарға ұлғаяды
2026-2027 жылдарға арналған қала әкімдігі мен жергілікті ірі компаниялар арасындағы меморандум аясында жасыл желек аумағын айтарлықтай кеңейту жоспарланып отыр.
Ауылдық округтер бойынша егілетін жаңа орман алқаптарының көлемі:
| Ауылдық округтер | Жоспарланған аумақ (гектармен) |
| Қайыршақты ауылдық округі | 122 га |
| Еркінқала ауылдық округі | 50 га |
| Кеңөзек ауылдық округі | 41 га |
| Атырау ауылдық округі | 32 га |
| Дамбы ауылдық округі | 15 га |
| Алмалы ауылдық округі | 9 га |
Қазіргі уақытта аталған аймақтарда тиісті жер телімдері толықтай белгіленіп, ағаш егуге арналған дайындық жұмыстары басталып кетті.
