Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
Басты ақпаратЖаңалықтарҚаржы

БЮДЖЕТКЕ 336 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮСПЕЙ ҚАЛҒАН: МӘЖІЛІСТЕ ҮКІМЕТ ЕСЕБІ СЫНҒА АЛЫНДЫ

Caspian News, 10 маусым. Парламент Мәжілісінде министрлер кабинеті түгел қатысқан жалпы отырыс өтіп, онда республикалық бюджеттің орындалу барысы қызу талқыланды. Есеп беру кезінде ел қазынасына жоспарланған миллиардтаған қаражаттың түспей қалғаны белгілі болды.

2025 жылы республикалық бюджет кірісі 21,4 триллион теңгені құрап, жоспар 99 пайызға орындалған. Дегенмен, бюджетке күтілгеннен 335,6 миллиард теңге аз қаражат түскен.

Министр түсініктемесі: Кемістікке не себеп?

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев кірістің азаюын бірнеше сыртқы экономикалық факторлармен байланыстырды:

«Республикалық бюджеттің меншікті кірістері трансферттерді есептемегенде 15,3 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 17,5 пайызға өсті. Соған қарамастан, мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы және ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің азаюы сияқты сыртқы факторлар бюджет жоспарының толық орындалуына кедергі келтірді».

Сондай-ақ, салықтық әкімшілендіру сапасына қатысты да сын айтылды. Мәселен, соңғы төрт жылда салық даулары бойынша сот шешімдерінің жартысынан көбі салық төлеушілердің (кәсіпкерлердің) пайдасына шыққан.

Жоғары аудиторлық палата: Квазимемлекеттік сектор бюджетке тәуелді

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет қаражаты игерілгенімен, оның тиімділігі мен нәтижелілігі төмен екенін ашық айтты. Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектордың қазынаға тәуелділігі жыл санап артып келеді:

«Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алу аясында тағы да 1,4 трлн теңге алды. Жалпы, бюджет қаражатын игеру процесінде атқарушылық тәртіптің жеткілісіз деңгейі және нәтижеліктің шектелгені байқалады.

Жекелеген субъектілердің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы талап етілмеген қалдықтары қомақты. Үкіметтің есебіне квазимемлекеттік сектор бойынша ақпарат енгізілгенімен, олардың жалпы елдегі міндеттерді іске асыруға тигізетін нақты ықпалы ашып көрсетілмеген».

Ерлан Қошанов: «Үкімет бюджетті өзгертуге тым әуестеніп кетті»

ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметтің бюджеттік бағдарламаларды бастапқы жоспарлау деңгейін қатты сынады. Оның айтуынша, атқарушы билік берілген мүмкіндікті асыра пайдаланып отыр:

«Жаңа Бюджет кодексінде біз Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз өз бетінше 15 пайыз шегінде түзетулер енгізу құқығын бердік. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар осы мүмкіндікпен тым әуестеніп кеткенін көріп отырмыз. Жалпы сегіз түзету жасалған, тіпті кейбір жекелеген салаларда шығыстар 59 пайызға дейін өзгертілген!

Бұл — бюджет бағдарламаларын бастапқы жоспарлаудың жеткілікті деңгейде ойластырылмағанының белгісі. Сондықтан болашақта осы норманы Бюджет кодексінде қайта қарап, түзетулердің нақты шегін бекіту қажет деп санаймын».

Ұлттық қор мен болашақ міндеттер

Мәжіліс спикері сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын тек стратегиялық маңызы бар, ауқымды жобаларға ғана бағыттау керектігін қадап айтты.

Депутаттар Үкіметке Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қатаң мониторинг жүргізуді және алдағы уақытта бюджет кірістерін нақты, объективті түрде болжауды талап етті.

Оқи отырыңыз...

КОГДА «ТЕПЛЫЕ ОСТАНОВКИ» СТАНУТ ТЕПЛЫМИ?

ИРАН ОРМУЗ БҰҒАЗЫН КЕМЕ ҚАТЫНАСЫ ҮШІН ҚАЙТА ЖАПТЫ

ПОЛИЦЕЙЛЕР ТҮЛЕКТЕР МЕН ОЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ