Caspian News, 10 маусым. Атыраудағы «Infinity Event Hall» ғимаратында «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы ұйымдастырылды. Шараға облыстың 50 отандық тауар өндірушісі қатысты. Дәстүрлі көрмеде нарықта көп жылдық тәжірибесі бар ірі кәсіпорындармен қатар, өз өнімдерімен танылып үлгерген жас кәсіпкерлер де бақ сынады.
Қатысушылар келесі 3 негізгі аталым бойынша сынға түсті:
-
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
-
«Үздік азық-түлік тауарлары»;
-
«Халыққа арналған үздік тауарлар».
Шыны қалдықтарынан — сәндік бұйымдарға дейін
Көрме барысында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, экологиялық бағытты ұстанған кәсіпкерлердің еңбегі ерекше көз тартты. Солардың бірі — жеке кәсіпкер Николай Юн:
«Жәрмеңкеде ұсынылған бұл өнімдер толықтай Атырау қаласында қайта өңделген шыныдан жасалған. Нақтырақ айтқанда, тұрмыстық шыны қалдықтарын пайдаланып, олардан түрлі сәндік бұйымдар дайындаймыз. Мұндай көрмелер жергілікті өндірісті насихаттауға зор мүмкіндік береді.
Тұрғындар өңірде шыны қалдықтарын өңдеп, одан жаңа өнім шығаратын кәсіпорынның бар екенін тани бастады. Атырау — шыны үрлеу шеберханасы жұмыс істеп, шыны сынықтарын қайта өңдеу ісін ел бойынша алғашқы болып жолға қойған қала».
Батыс Қазақстандағы жалғыз медаль өндіруші
Көрмеге қатысушылардың арасында нарыққа шыққанына жарты жыл ғана болса да, үлкен сұранысқа ие болып үлгерген медаль өндіруші кәсіпорын бар. Осы уақыт ішінде олар түрлі спорттық және мәдени шаралар үшін 2 мыңнан астам өнім шығарған. Кәсіпорын 2025 жылы 1,5 миллион теңге гранттық қолдау иеленіп, өндіріс қуатын арттырған.
Кәсіпорынның бас маманы Әсет Сағындықтың айтуынша, қазір тапсырыс ауқымы кеңейген:
«Сұраныс өте көп. Тек Атыраудан емес, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал қалаларынан да тапсырыстар жиі түседі. Бүгінде елімізде спорттық шаралар өте көп ұйымдастырылады. Әсіресе футбол, волейбол, баскетболдан өтетін жеке турнирлер мен CUP-тарға сапалы, отандық медальдар шығарып жатырмыз».
«Бір ауыл – бір өнім»: Өңірлік брендтер шеруі
Байқау аясында дәстүрлі түрде «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі де қатар өтті. Онда аймақтың өзіндік брендтік тауарларын шығаратын 42 кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев бұл шараның бизнес өкілдері үшін маңыздылығын атап өтті:
«Бұл көрме жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерге өз өнімдерін таныстырып, сапасын көрсетуге, халыққа және әлеуетті серіктестеріне насихаттауға зор мүмкіндік береді. Шараға қаржы институттарының өкілдері де қатысуда. Олар кәсіпкерлерге мемлекет пен қаржы ұйымдары тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде кеңес беріп жатыр. Сонымен қатар, бұл алаң кәсіпкерлердің өзара тәжірибе алмасып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына таптырмас мүмкіндік».
Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өнім сапасын арттыруға, өңірлік брендтерді қалыптастыруға және қолөнершілер мен өз ісін жаңа бастаған азаматтарды қолдауға бағытталған.
