Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ҚАРАБАТАНДА ҚУАТЫ 500 кВ БОЛАТЫН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚОСАЛҚЫ СТАНЦИЯ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Caspian News, 10 маусым. Атырау өңірінде Батыс Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін түбегейлі күшейтуге бағытталған стратегиялық жоба іске асырылуда. Жоба аясында қуаты 500 кВ болатын «Қарабатан» қосалқы станциясы салынып, қолданыстағы 500 кВ «Өлке» қосалқы станциясы кеңейтіледі.

Ең бастысы, бұл екі нысанды өзара байланыстыратын, ұзындығы 578 шақырымдық 500 кВ «Өлке – Қарабатан» әуе электр жеткізу желісі тартылып жатыр. Қазіргі уақытта қос станцияға да ең қажетті жоғары вольтты жабдықтар — элегазды ажыратқыштар, айырғыштар, 500 кВ автотрансформаторлар мен реакторлар толық жеткізілген.

Құрылыс алаңынан: Жұмыстың 25 пайызы орындалды

«KEGOC» АҚ Батыс жүйеаралық электр тораптары филиалының бас инженері Бейбіт Бағытовтың айтуынша, нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр:

«Қарабатан қосалқы станциясының ашық тарату құрылғысындағы жұмыстардың 25 пайызы орындалды. Қазіргі таңда барлық шиналық және желілік порталдар қондырылып, қондырғылардың астындағы тіректер орнатылды.

Сонымен қатар, аумақта жедел басқару пункті, бақылау-өткізу пункті, май жинағыштар және өрт қауіпсіздігіне арналған су жинайтын резервуарлар сияқты қосалқы ғимараттардың құрылысы белсенді жүргізілуде».

Ал «Өлке» қосалқы станциясында дәл қазір 500 кВ ашық тарату құрылғысын кеңейтуге арналған арнайы аумақты дайындау жұмыстары қолға алынған.

Отандық өнім үлесі — 70 пайыз

Стратегиялық жобаның тағы бір ерекшелігі — мұнда отандық өнімдерге басымдық берілген. Әуе желісін жүргізуге қолданылатын аралық және анкерлік тіректер, іргетастар, сымдар мен желілік арматуралардың 70 пайызы Қазақстанда жасалған.

Сондай-ақ, қосалқы станцияның басты қуат көзі саналатын, әрқайсысының қуаты 167 мың килоВольт-амперді құрайтын 4 жиынтық автотрансформатор да толықтай отандық өндірістен шыққан.

Инвесторлар үшін жаңа мүмкіндік және жүйе сенімділігі

«KEGOC» АҚ Батыс жүйеаралық электр тораптары филиалының директоры Константин Чернохаев бұл жобаның аймақ экономикасы мен энергетика тұрақтылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті:

«Бірінші кезектен, біз өңірге ірі инвесторлардың келуіне даңғыл жол ашып отырмыз. Егер аймақта электрмен жабдықтау мәселесі шешілмесе, ешбір инвестор қаржы құюға тәуекел етпейді. Біздің негізгі міндетіміз тек энергия жеткізуші ұйым болу емес. Қазір өңірге өз электр станцияларымен көптеген компаниялар келіп жатыр. Қазірдің өзінде аймақта қуаты жоғары 23-тен астам электр станциясы жұмыс істейді.

Бұл жобаның басты мақсаты — электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру. Яғни, қандай да бір электр станциясы немесе қоректендіру орталығы кенеттен ажыратылған жағдайда, жүйеде апаттық жағдайдың туындауына жол бермейді, автоматты түрде тепе-теңдікті сақтайды».

Жобаның мерзімі

«KEGOC» АҚ тарапынан іске асырылып жатқан бұл ауқымды жоба 2025 жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бекітілген жоспарға сәйкес, құрылыс жұмыстары толықтай 2027 жылдың соңында аяқталып, нысан пайдалануға берілуі тиіс.

Оқи отырыңыз...

ШЕКАРАДАҒЫ ЖАҢА ТАЛАП: РЕСЕЙ ЕАЭО ЕЛДЕРІНЕН АВТОКӨЛІКПЕН ТАУАР ӘКЕЛУ ЕРЕЖЕЛЕРІН ҚАТАҢДАТТЫ

БИЫЛ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА 2 ЖАСӨСПІРІМ СУИЦИД ЖАСАҒАН

АТЫРАУДА 3 КҮН ЫСТЫҚ СУ БОЛМАЙДЫ