Caspian News, 4 тамыз. Атырауда заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер үшін табиғи газдың тарифі 35 пайызға өсті. Ал халық үшін, яғни жеке тұлғаларға газ бағасы әзірге өзгеріссіз қалды. Мұндай шешімді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті қабылдады.
Дегенмен, ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап қарапайым тұрғындар үшін де тариф бағасы қайта қаралып, қымбаттауы мүмкін.
💡 Тарифтің өзгеруіне не себеп?
Бағаның ауысуына Энергетика министрлігінің тауарлық газдың көтерме бағасын қымбаттатуы түрткі болды. Осыдан кейін өңірдегі газбен жабдықтаушы компаниялар (соның ішінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «Жылыойгаз» ЖШС) табиғи монополияларды реттеу департаментіне тарифтерді қайта бекіту туралы өтініш білдірген.
📈 Қазан айында баға қаншаға өсуі мүмкін?
Департаменттің хабарлауынша, тұтынушылардың 11 тобы ішінен заңды тұлғаларға арналған тариф өскенімен, халыққа арналған баға әлі күшінде. Дегенмен, қазан айынан бастап мынадай өзгерістер болуы ықтимал:
-
«ҚазТрансГаз Аймақ» тұрғындары үшін: Тариф бағасы 32 пайызға дейін өсуі мүмкін;
-
«Жылыойгаз» тұрғындары үшін: Тариф бағасы 18 пайызға дейін өсуі мүмкін.
Жанар ДӘРІБАЕВА, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы: «Басқа тұтынушылар дегеніміз – бұл жерде заңды тұлғалар. Бізде тұтынушылардың 11 тобы бар, соған кірмейтін тек заңды тұлғаларға және бюджеттік мекемелерге газ тарифі өсірілді. Департаментке газбен жабдықтаушы ұйымдардан да өтінім түсті, оларда да халық үшін тариф өзгерген жоқ. Бірақ осы жылдың 1 қазанынан бастап өзгеруі мүмкін деген хат жолданған болатын. Яғни, «ҚазТрансГаз Аймақтың» тұрғындарға арналған бағасы 32 пайызға, «Жылыойгаздың» бағасы 18 пайызға өзгеруі ықтимал. Қазіргі кезде бұл тарифтердің нақты қолданысқа енетін-енбейтіні әлі белгісіз».
