Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыБасты ақпаратЖаңалықтар

АТЫРАУДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ 40 МЫҢНАН АСТАМ ӨТІНІШ ТҮСКЕН

Caspian News, 29 шілде. Жыл басынан бері Атырау өңіріндегі «109» бірыңғай байланыс орталығына электр жарығының сөнуіне қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түсті. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген жиында өңірдегі электрмен жабдықтау саласының өзекті мәселелері мен жарықтың жиі өшу себептері қаралды.

Шағымдардың басым бөлігі Тасқала, Нұрсая, Балықшы, Жұлдыз және Атырау ықшамаудандарының тұрғындарынан тіркелген. Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Инамат Хайдаровтың айтуынша, проблеманың көбеюіне жеке инвестициялар есебінен салынған тұрғын үй кешендерінің электр желілеріне өз бетінше қосылуы себеп болған. Бұдан бөлек, жарық сөнген кезде «Атырау Жарық» ЖШС диспетчерлік қызметінің қоңырауларға жауап бермейтіні де тұрғындардың наразылығын тудыруда.

Өз кезегінде «Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Ғұбашев қалада жарықтың кезек-кезек өшуін көршілес Маңғыстау облысындағы жүйелік апаттармен және «KEGOC» АҚ-ның автоматты жүктемені шектеу жүйесінің жұмысымен түсіндірді. Генерация қуатының тапшылығы салдарынан Атыраудың сол жағалауын қамтамасыз ететін 35 кВ Л-1Ц және Л-5Ц әуе желілері мәжбүрлі түрде өшіріледі. Нәтижесінде 6 065 тұрғын үй мен 983 заңды тұлға жарықсыз қалады. Сонымен бірге, қаладағы 12 көпқабатты үйдің резервтік кабельдері істен шыққандықтан, апаттық жөндеу жұмыстары ұзаққа созылуда.

Аймақ басшысы Болат Ақшолақов проблемалы ықшамаудандарды тұрақты бақылауда ұстап, апаттық бригадалардың жұмысын күшейтуді, сондай-ақ электр желілерін кезең-кезеңімен жерасты кабель жүйесіне көшіруді тапсырды. Облыс әкімі ірі кәсіпорындардың, атап айтқанда Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) жеке қосалқы станциясын салу мен КУС маңындағы 100 мегаваттық жобаны жеделдету бойынша «ҚазМұнайГаз» және «Самұрық-Қазына» қорына арнайы хат жолдауды жүктеді.

Қазіргі уақытта «Атырау Жарық» ЖШС 200 мыңнан астам абонентті электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Өңірде энергетика нысандарын күрделі жөндеу жұмыстарының 50 пайызы аяқталып, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Атырау қаласы мен Мақат ауданында ұзындығы 73,9 шақырым болатын 13 электр желісі жаңғыртылды.

Оқи отырыңыз...

ЗАВОД ПО ПРОИЗВОДСТВУ НАСОСНО-КОМПРЕССОРНЫХ ТРУБ ПОСТРОЯТ В ЖАНАОЗЕНЕ

АҚТАУДАҒЫ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ 465 ЖЫЛУ БАСҚАРУ ТОРАБЫ ОРНАТЫЛДЫ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 261 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР