Caspian News, 14 тамыз. Желіде мектептегі кезекші мұғалімдердің жауапкершілігі күшейіп, оларға 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін деген ақпарат тарап, оқытушылар қауымын дүрліктірді. Бұл хабарлама каншалықты шындыққа жанасады? Тілшілеріміз мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Соңғы күндері «Threads» желісінде 2026 жылдың ақпан айынан бастап мектептегі кезекші педагогтердің бала қауіпсіздігіне тікелей жауапты болатыны және ереже бұзылған жағдайда қомақты айыппұл арқалайтыны туралы жазба кеңінен тарады. Авторлар мұғалімдерді өз құқықтарын қорғауға шақырған.
🔍 Ақпарат қайдан шықты?
Зерттеу барысында бұл жаңалықтың жаңсақ ұғымдардан құралған фейк ақпарат екені белгілі болды. Мәселенің төркіні Оқу-ағарту министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің заңсыз ақша жинауға (мектеп жөндеуіне, сыйлықтарға) қатысты мәлімдемесінен бастау алған. Онда заң бұзған мектеп басшыларына (директорларға) ірі көлемде айыппұл салынатыны ескертілген болатын. Желбуаз ақпаратты таратушылар бұл хабарды кезекшілікпен шатастырып, сенсация жасауға тырысқан.
⚖️ Заң не дейді?
Қазақстан заңнамасында мектептегі оқыс оқиға үшін кезекші мұғалімге жеке тұлға ретінде 7 миллион теңге айыппұл салу туралы ешқандай норма қарастырылмаған.
-
Тәртіптік жауапкершілік: Мұғалімнің мектептегі кезекшілігі оның лауазымдық міндетіне кіреді. Міндетін дұрыс атқармаған жағдайда мұғалімге Еңбек кодексі шеңберінде тек тәртіптік шаралар (ескерту, сөгіс немесе жұмыстан босату) қолданылуы мүмкін.
-
Заңдық қорғау: «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа жегуге және оларға негізсіз қаржылай немесе әкімшілік қысым көрсетуге тыйым салынған.
Редакциядан: Әлеуметтік желідегі бейресми дереккөздерге сенбей, тек ресми органдар тараптан берілген сенімді ақпаратқа сүйенуді сұраймыз.
