Caspian News, 30 шілде. 2024 жылы Жеңіс саябағында болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық істі сот қайта қарауға кірісті. Кассациялық сот мердігер ұйым басшысына қатысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың бұрынғы үкімдерінің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
Сот алқасының мұндай шешімге келуіне құрылыс нормаларының нақты қай талабы бұзылғаны, қайғылы жағдайдың нақты себебі және ескерткіш пайдалануға берілгеннен кейін оның қауіпсіздігіне кімнің жауапты болғаны толық анықталмауы себеп болған. Енді іс бірінші сатыдағы сотта қайта қаралып, барлық мән-жай мен дәлелдер қайтадан жан-жақты зерттеледі. Келесі сот үкімі шыққанға дейін айыпталушы қамауда болады.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 маусымында Жеңіс саябағында 7 жасар қыздың үстіне ескерткіш құлап, бала облыстық балалар ауруханасында көз жұмған болатын. Оқиға кезінде тағы екі адам түрлі жарақат алды. Мұнан соң қозғалған қылмыстық іс бойынша бір жылдан кейін шыққан сот үкімімен ескерткішті орнатқан мердігер 3 жылға бас бостандығынан айрылып, кейін рақымшылықпен бұл мерзім екі есеге қысқартылған еді. Сонымен қатар сотталушыға жәбірленуші тараптың әрқайсысына 10 миллион теңге моральдық шығын және емделу шығындарын өтеу міндеттелген болатын.
