Caspian News, 30 шілде. Атырау облысының жыл басынан бергі Жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) көлемі 3 триллион 170 миллиард теңгеден асты. Нақты көлем индексі 87,9 пайызды құрады. Бұл туралы баспасөз брифингінде ҚР Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Нұржан Құмарғалиев мәлімдеді.
Өңірдің республикалық Жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) үлесі 9,3 пайызға тең. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі 4 миллион 424 мың теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш бойынша Атырау облысы республика бойынша көш бастап тұр.
Өңірлік өнім құрылымында тауар өндірісінің үлесі 50,6 пайызды, ал қызмет көрсету саласы 39,6 пайызды құрады. Жалпы өнімнің 45,9 пайызы өнеркәсіп секторына тиесілі болып отыр. Оның ішінде негізгі үлес, яғни 40 пайыздан астамы тау-кен өндіру саласына, ал 4,3 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Қалған бөлігін энергетика, сумен жабдықтау және коммуналдық сектор құрайды.
Департамент басшысы Нұржан Құмарғалиевтің айтуынша, өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары жалпы жиынтығы 7 триллион 811 миллиард теңгенің өнімі мен қызметін көрсеткен. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1 пайызға төмен. Өнеркәсіп өндірісінің Атыраудағы негізгі драйвері болып табылатын тау-кен өндіру саласы мен карьерлерді қазу секторы 7 триллион 255 миллиард теңгені (92,9%) құраса, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 438 миллиард теңгеге (5,6%) жетті.
