Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ҮНДЕМЕЙ ҚАЛМА: АТЫРАУДА ӘЙЕЛДЕР МЕН БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Caspian News, 25 мамыр. Елімізде жарияланған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында республика көлемінде 18 мамыр мен 8 маусым аралығында «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды ақпараттық-алдын алу акциясы өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және қоғамда бұл кеселге қарсы «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыру.

Осы акция аясында Абай атындағы оқушылар орталығында облыстық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен арнайы көркемсурет байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа 11-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстары арқылы отбасы қауіпсіздігі, шаңырақ жылылығы, мейірім мен балалық шақты қорғау мәселелеріне қатысты ішкі ойларын сурет тілімен жеткізді.

Статистика: Тәулігіне ондаған қоңырау

Мамандардың берген ресми мәліметіне сүйенсек, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша «102» жедел арнасына отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық қысым көрсету фактілеріне қатысты 2 300-ге жуық хабарлама келіп түскен.

Әкімшілік жазадан — қылмыстық жауапкершілікке

Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін заң талаптарының айтарлықтай қатаңдатылғанын, бұрынғыдай жай ғана ескертумен немесе жеңіл айыппұлмен құтылу мүмкін еместігін ескертеді.

Райса Айтжанова, Атырау облысы ПД Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы:

«»102″ арнасына түскен әрбір хабарлама бойынша полиция инспекторлары оқиға орнына шұғыл жетіп, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдайды. Қазір заң талаптары мүлдем басқа. Отбасы мүшелеріне қол көтеру, денсаулығына зиян келтіру, психологиялық қысымшылық көрсету, тіпті ажырасып кеткен бұрынғы ерлі-зайыптылардың бір-бірін қудалауы, аңдуы немесе әлеуметтік желілерде түрлі қоқан-лоқы жазбалар жазуы — солардың барлығы қазір тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Егер бұрын бұл әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық болып есептелсе, қазір қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Бұл акцияның басты мақсаты да — заңдағы осы өзгерістерді халыққа кеңінен жеткізу. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған азаматтар қорықпасын, үндемей қалмасын, құзырлы органдардан көмек сұрасын деп ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Маңызды түйін: Полиция департаменті өкілдері кез келген тұрмыстық қысым мен әлімжеттік дерегі анықталған жағдайда азаматтарды бірден «102» нөміріне немесе сенім телефондарына хабарласуға шақырады. Әйелдер мен балаларға қатысты жасалған кез келген заңсыз әрекетке құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң алдында жауап береді.

Оқи отырыңыз...

ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ «QOJA AHMET YASAUI» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ: АСТАНАДАҒЫ ТАРИХИ КЕЗДЕСУ

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

ПРАЗДНИК В ЖЕНСКОЙ КОЛОНИИ