Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениетӨнер

«МАХАББАТ РУЛЕТКАСЫ»: АТЫРАУДА ЛУДОМАНИЯ ҚАТЕРІН ӘШКЕРЕЛЕГЕН ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Caspian News, 15 маусым. Атырауда бүгінгі қоғамның ең қауіпті дертіне айналған құмар ойынға тәуелділік (лудомания) тақырыбын арқау еткен жаңа туынды көрермен назарына ұсынылды. Белгілі жазушы Әлішер Рахаттың қаламынан туған «Махаббат рулеткасы» атты әлеуметтік драмасының ресми премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері — Жанат Телтаев.

Нақты өмірден алынған шынайы оқиғаға негізделген бұл туындының басты кейіпкері Мирас жеңіл жолмен тез байып, ақша табуды әдетке айналдырып, соңында құмар ойынның құрбанына қалай айналғанын байқамай қалады. Қарызға белшесінен батқан ол тығырықтан шығу үшін ең жақын адамдарын алдап, қулыққа басады. Алайда, оның әрбір қате қадамы өмірін одан сайын тұңғиыққа итермелей түседі. Кейіпкердің ішкі арпалысы мен жан күйзелісі арқылы режиссер лудоманияның тек бір адамның соры емес, оның отбасы мен тұтас айналасына әкелетін орасан зор қасіретін шебер жеткізген.

Лед экран және заманауи формат

Театрдың көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров қойылымның жастар үшін тәрбиелік мәні жоғары екенін және заманауи технологиялармен көркемделгенін атап өтті:

«Бұл қойылымнан бүгінгі жастар үлкен сабақ алады, оның терең мәнін түсінеді деп сенемін. Лудоманияның зардабы тек ойнаған адаммен шектелмейді, оның кеселі тікелей отбасына, айналасындағы жақындарына тиіп, олардың өмірін талқандайды.

Қойылымның басты ерекшелігі — біз сахнада заманауи LED экранды шебер пайдаландық. Актерлар ойнап жатқан сәтте артқы фонда тақырыпты аша түсетін әртүрлі динамикалық суреттер мен фонормалық жан-жақты ақпараттар беріліп отырады. Бұл туындыны толықтай заманауи форматтағы спектакль деуге әбден болады».

«Заң мен тәртіп» қағидасы аясындағы жоба

Бұл драмалық туынды жай ғана шығармашылық ізденіс емес. Спектакль елдегі «Заң мен тәртіп» қағидасын нығайту аясында, Атырау облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен және облыстық прокуратураның арнайы ұсынысымен мемлекеттік тапсырыс негізінде дайындалған.

Қоғамдық маңызы зор, өзекті мәселені батыл көтерген театр ұжымына премьерадан кейін жиналған көрермен қауым орындарынан тік тұрып, ерекше ризашылықтарын білдірді.

Қойылымның қысқаша аннотациясы:

Туындының атауы Басты тақырыбы Қоюшы режиссері Қолдау білдіруші органдар
«Махаббат рулеткасы» Лудомания және отбасылық құндылықтар Жанат Телтаев Атырау облысы әкімдігі мен облыстық прокуратура

Шындыққа толы финал

Премьераны тамашалаған қала тұрғыны Нұрлан Мұрат өз әсерін жасырмады:

«Жеке өзіме және менімен бірге келген әріптестеріме бүгінгі қойылым өте қатты ұнады. Барлық қала тұрғындарын театрға келіп, осындай мәнді де сапалы дүниені көруге шақырамын. Біз қоғам болып бірігіп, болашағымызды зақымдайтын осындай қатерлі дерттерден жастарымызды аулақ ұстауымыз керек».

Қойылымның соңы көрерменге ерекше ой салды. Себебі режиссер финалды тым ертегілік бақытпен аяқтамаған, бәрі өте шынайы бейнеленген. Құмар ойынға тәуелді болған адамның бір сәтте сиқырмен өзгеріп кетуі мүмкін емес. Кейіпкер өз әрекеттерінің ащы салдарын тартып, жақындарының шексіз сенімінен толық айырылғанда ғана өмірінің мәнін қайта таразылай бастайды. Ал одан кейінгі дұрыс таңдау жасау — әр адамның өз қолында қалады. Сахналық туынды маусым соңына дейін театр репертуарында тұрақты түрде көрсетілмек.

Оқи отырыңыз...

ЦИФРЛАНДЫРУ: 2026 ЖЫЛДЫҢ КҮЗІНЕ ДЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАРЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР ВАГОНЫ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛАДЫ

GTF ТАЭКВОНДОДАН ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

ПАРАМЕН ҰСТАЛДЫ