Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыБасты ақпаратЖаңалықтарҚылмыс

«КЕШКЕ ДЕЙІН ОЙЛАНДЫМ»: С. СӘРСЕМӘЛИЕВ БІР ОТБАСЫН ҚАЛАЙ ҚЫРЫП, ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРҒАНЫН АЙТТЫ

Caspian News, 12 маусым. Атырауда бір отбасының төрт бірдей мүшесін аяусыз өлтірді деп айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты шулы сот процесі жалғасуда. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, күдікті Мұнайшы ықшамауданындағы жалдамалы үйінде тергеушілерге берген көрсетімінде алғашқы қылмысы мен оны қалай жасырғаны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сараптама қорытындысы бойынша психикалық тұрғыдан сау деп танылған 29 жастағы күдікті сот алдында алқабилерден бас тартып, ашық сот процесіне келісім берген болатын. Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы, соның ішінде «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Ұрлық» және «Алаяқтық» бойынша бірден 13 эпизод қолданылып отыр.

«Бес балам мен ауру әйелімді ойладым»

Күдіктінің сөзінше, бәрі өткен жылдың 14 мамырында балдызы Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруден басталған. Сәрсемәлиев жанжал барысында оны тұншықтырып, кейін ас үй пышағымен бірнеше соққы бағыттаған.

«Оқиға 14 мамыр күні сағат күндізгі 11 шамасында болды. Кеш батқанға дейін үйге кірген жоқпын, далада жүрдім. Бастапқыда полиция шақыру туралы, қоңырау соғу туралы ойланғаным рас. Бірақ ар жағында қалған 5 баламды ойладым. Ең кішісі небәрі 4 айлық еді. Анам оларға қарай алмайды, ал әйелім — ауру, тіпті өз баласын танымайтын жағдайда. Осы жағдайларды ойлап, ол ойымнан айнып қалдым. Кешкілік нақты шешімге келіп, қылмыстың ізін жасыруға кірістім».

Мүрдені алысқа апарып тастауға мүмкіндігі мен күш-қуаты болмағандықтан, күдікті оны үй іргесінен, фундаменттен шамамен 60 сантиметрдей жерден шұңқыр қазып, көміп тастаған. Қылмысын жасыру үшін ол марқұмның ұялы телефонын иемденіп, туыстарына оның атынан «Ата-анамды Ташкентке емделуге алып кеттім, жақында үйленемін» деп жалған хаттар жазып, тіпті олардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын (жалпы сомасы 700 мың теңгеден астам) заңсыз иемденіп келген.

Қайынапасын да Атырауға әкеліп өлтірген

Балдызын өлтірген соң, Сәрсемәлиев Жангелдин ауылына барып, қайын атасы Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны да пышақтап, денелерін сарайға көмген. Осыдан кейін ол қайынапасы Мейрамгүл Қарабалинаны таксимен Атыраудағы «Мұнайшы» ықшамауданындағы жалдамалы үйіне алып келген. Өткен жылдың 6 қарашасында олардың арасында тағы да жанжал туындаған.

«Базардан келген соң, Мейрамгүл маған ауыр сөздер айтты, намысыма тиетін сөздер сөйледі. Ол заттарын жинап, кетіп қалғысы келді. Сол сәтте «Қоймайсың ба? Жапшы аузыңды, тынышталшы» деп айтқаным есімде. Ол құлап бара жатқан кезде тамағынан қатты сілкіп қалдым ба, әлде пышақпен ұрдым ба — нақты білмеймін, көзім қарауытып кетті. Өйткені, ол уақытқа дейін үш адамды өлтіріп қойғандықтан, бұдан да құтылу керек деген ой келді».

Күдіктінің айтуынша, үй маңынан бірнеше рет пойыз өткендіктен, ол адамдар көріп қоймасын деп мүрдені көметін жерді қазуды бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болған. Алайда бұл ісін сол күні түнгі сағат бірлер шамасында толық аяқтаған. Қылмыстан кейін ас бөлмесіндегі қабырғаға шашыраған қан дақтарын білдіртпеу үшін қабырғаны бояп тастаған.

Айыпталушы өлім жазасына да келісетінін айтты

Қазіргі таңда бұл қандықол қылмысты С. Сәрсемәлиевтің жалғыз өзі жасағаны толық дәлелденді. Оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне ешқандай қатысы жоқтығы анықталып, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.

Сот залында айыпталушы жасаған ісіне өкінетінін айтып: «Маған қандай жаза тағайындаса да, мейлі ол өлім жазасы болса да, мен оны көтеруге дайынмын», — деп мәлімдеді. Сот процесі жалғасуда, алдағы уақытта тағы 26 куәгерден жауап алу жоспарланған. Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз...

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ NCOC КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҮСТІНЕН СОТҚА ШАҒЫМ БЕРІЛГЕНІН РАСТАДЫ

АҚТАУДА 300 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ЖАҢА ТЕҢІЗ ПОРТЫ САЛЫНАДЫ

АҚПАНДАҒЫ АУА-РАЙЫ