Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДАҒЫ «MARCO» ӘМБЕБАП ДҮКЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ 3 АЙДАН БЕРІ ЖАЛАҚЫСЫЗ ЖҮР

Caspian News, 22 маусым. Атырау қаласындағы ірі сауда желілерінің бірі — «Marco» (Марко) әмбебап дүкенінің жұмысшылары жаппай наразылыққа шықты. Мекеме қызметкерлерінің 3 айдан бері табан ақы, маңдай термен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүргеніне ызасы шегіне жеткен. Одан бөлек, жұмыс беруші заң бойынша міндетті әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарын жыл басынан бері аудармаған.

Наразы топтың айтуынша, мекемедегі ең төменгі жалақы мөлшері 200 мың теңгеден басталады. Құшақ-құшақ құжат жинаған жұмысшылар Атырау облыстық Еңбек инспекциясы мен облыстық прокуратураға ресми арыз-шағым түсіргенімен, әзірге ешқандай нәтиже шықпай тұр. Жалақының кешігуінен қызметкерлердің көбі несиеге байланып, қарызға батқандарын айтады.

Әлеуметтік аударымның жоқтығынан ота жасата алмай отыр

Сауда желісінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен жұмысшылар басшылық тарапынан қысым көріп жатқандарын және заңсыздықтардың салдарынан медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалғандарын алға тартты.

💬 Валентина ЧИГРИНА, қала тұрғыны, дүкен әкімшісі:

«Мен бұл компанияда 10 жыл жұмыс істедім. Жұмысымды кассирден бастап, қазір әкімші қызметіндемін. Қаңтар айынан бері бізге зейнетақы жарналары мүлде аударылмай келеді. Денсаулығыма байланысты маған ақылы негізде шұғыл ота (операция) жасалуы керек еді. Алайда әлеуметтік аударымдардың жоқтығынан бұл медициналық қызметті пайдалана алмай, тығырыққа тірелдім.

Жалақымыз да берілмей жатыр. Қазір басшылық бізді «өз еркімен жұмыстан шығу туралы» арыз жазуға мәжбүрлеуде. Егер өз еркімізбен кетсек, жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алмаймыз. Ал егер бізді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберсе, заң бойынша жұмыс беруші жалақының кемінде 50 пайызын төлеуге міндетті».

Милиондаған теңге берешек: Сөрелер бос қалды

Дүкендегі даулы жағдайға тауар жеткізуші кәсіпкерлер де қосылды. Олардың айтуынша, компанияның жеткізілген өнімдер үшін берешегі 6 айдан бері өтелмеген. Миллиондаған теңге қарызын қайтара алмағандықтан, бірнеше ірі фирмалар дүкенге өнім тасуды толық тоқтатқан. Соның салдарынан сауда орталығында тауар тапшылығы туындап, сөрелер қаңырап бос қалды.

💬 Арнольд ҚҰРБАНОВ, тауар жеткізуші кәсіпкер:

«Біз үнемі сотқа дейінгі наразылық хаттамаларын жібереміз. Бірақ олар «бүгін, ертең, арғыкүні төлейміз» деп бос уәдемен алдап келе жатқанына 6 ай болды. Қарыз әлі күнге дейін өтелмеді, шамамен 6 миллион теңге алажағымыз бар. Оның ішінде «Марко» мен «Супер марко» ЖШС-нің біздің алдымыздағы қарызы 2,5 миллион теңге айналасында. Басшылары күнделікті байланысқа шықпайды, хат жазсақ жауап бермейді. Келсек, бастықтары өздері осы жерде отырмайды. Бізден басқа да алданып қалған, қарызын даулап жүрген фирмалар өте көп».

Компания басшылығының жауабы: «Мүлікті сатып болса да төлейміз»

Жиналған наразы топтың алдына «Marco» ЖШС-нің бас директоры Руслан Китаев шығып, компанияның қаржылық қиындықтарды заң шеңберінде шешуге тырысып жатқанын жеткізді. Алайда ол берешектің нақты қай күні қайтарылатынын дөп басып айта алмады.

💬 Руслан КИТАЕВ, «Marco» ЖШС бас директоры:

«Қазір компания бұл мәселені құқықтық өрісте шешуге тырысып жатыр. Қаржылық тығырықтан шығу үшін инвестор іздестірудеміз. Егер инвестор табылмаған жағдайда да, жұмысшылар мен серіктестер алдындағы берешек компанияның балансындағы негізгі мүліктерді сату (реализация) есебінен толықтай өтелетін болады. Біз бұл мәселемен айналысып жатырмыз, бірақ дәл қазір төлемдердің нақты күнін айта алмаймын».

Егер бұл мәселе сот орындаушыларының араласуымен шешілетін болса, мүлікті бағалау және аукционға шығару процесі тағы бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Ал айлар бойы кіріссіз қалған жұмысшылар өз ақшаларын шұғыл талап етуде.

«Marco» сауда желісіндегі еңбек дауының негізгі детальдары:

Жұмысшылардың талабы мен мерзімі Әлеуметтік зардаптар Кәсіпкерлер алдындағы қарыз Басшылықтың ұсынып отырған шешімі
💸 3 айлық жалақыны қайтару.💳 Ең төменгі жалақы: 200 мың ₸.⏱️ Кешігу мерзімі: 3 ай. 🏥 Жыл басынан бері зейнетақы мен әлеуметтік аударымдар түспегендіктен, жұмысшылар емделе алмай отыр. 📉 6 айдан бері қарыз өтелмеген.💰 Бір ғана фирмаға берешек — 6 млн ₸.🛒 Тауар тоқтап, сөрелер босаған. ⚖️ Мәселе құқықтық өрісте шешіледі.🏢 Қаражат инвестор тарту немесе компания мүлкін сату арқылы өтелмек.

Оқи отырыңыз...

17 НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИХ ВЫЯВЛЕНО В ХОДЕ РЕЙДА «ДЕТИ В НОЧНОМ ГОРОДЕ» В АКТАУ

НОВЫЕ ЛИФТЫ

Атырауда кәмелетке толмаған қызды зорлауға оқталған күдікті 17 жылға сотталды