Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА 50-ДЕЙ БАЛАБАҚШАДА ТЕННИС ҮЙІРМЕСІ АШЫЛАДЫ

Caspian News, 6 тамыз. Биыл күзден бастап Атыраудағы балабақшаларда теннис үйірмелері жұмысын бастайды. Жобаның басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, қабілетті балаларды ерте жастан анықтау.

Ол үшін Астанадан келген арнайы мамандар жергілікті балабақша тәрбиешілеріне арнап 3 күндік тегін біліктілікті арттыру семинарын өткізеді. Бүгінде Атырауда 50-ге жуық балабақша бұл бастамаға ниет білдіріп отыр.

👶 «Baby Tennis» бағдарламасы мен дайындық барысы

Оқыту жүйесі мектеп жасына дейінгі балалардың физиологиялық ерекшеліктеріне сай арнайы бағдарлама бойынша жүргізіледі.

Ануарбек БАТАЕВ, Атырау облыстық теннис орталығының директоры: «Теннис федерациясында 3 пен 5 жас аралығындағы балаларға арналған Baby Tennis бағдарламасы бар. Бұл – кішкентай балалардың жас ерекшелігіне ыңғайластырылып жасалған арнайы жаттығу жоспары.

Астанадан келген білікті бапкерлеріміз балабақша тәрбиешілерін 3 күндік тегін семинарда оқытып, үйретеді. Оқытудан өтіп, сертификат алған тәрбиешілер балабақшаларда теннис үйірмелерін жүргізе бастайды. Бұл үшін үлкен корттың да қажеті жоқ – шағын бөлме болса жеткілікті. Балабақшалар өз ыңғайына қарай балаларды 6 немесе 10 адамнан топқа бөліп жаттықтыра береді».

📊 Аймақтағы теннис спортының көрсеткіштері

Мамандардың айтуынша, өңірде тенниспен шұғылданғысы келетін балалар саны жыл санап артып келеді:

  • 11 кәсіби жаттықтырушы мен 10-ға жуық нұсқаушы балаларды спортқа баулуда;

  • 500-дей бала (3 пен 17 жас аралығында) қазіргі таңда теннис орталығында тұрақты түрде жаттығады;

  • 400-дей бала теннис орталығына жазылу үшін кезекте тұр.

Теннис федерациясының атыраулық шәкірттері бүгінде ATF халықаралық турнирлерінде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Ілияс АРТЫҚБАЕВ, Атырау қаласының тұрғыны: «Баланың денсаулығы үшін спорт өте маңызды. Өзіміз кезінде спортпен айналыса алмаған соң, қызымыздың бойында спортқа деген қызығушылық қалыптасса екен, болашақта хоббиіне айналсын деген ниетпен бердік.

Қызымыз әлі кішкентай, жасы бесте. Қатысып жүргеніне 2 айдай болды. Әзірге үлкен теннис ойнамаса да, жүгіріп, спорттық ортаға, атмосфераға үйреніп жатыр. Қуана барып жүр».

Оқи отырыңыз...

МАХАМБЕТТЕ 22, ИНДЕРДЕ 15 ЭВАКУАЦИЯЛЫҚ ПУНКТ ДАЙЫН ТҰР

«АТЫРАУ-АҚПАРАТ» ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ – ҮЗДІКТЕРДІҢ ҚАТАРЫНДА

Республика күніне орай қанша күн демаламыз?