Caspian News, 7 тамыз. Атырау қалалық №2 сотында стратегиялық маңызы бар «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын қайта жаңғырту жобасы барысында қаражат жымқыру дерегі бойынша сот үкімі жарияланды.
Сот шешімімен 4 айыпталушы 6 жылдан 6 жыл 8 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оларға белгілі бір мерзімге дейін басшылық және мемлекеттік лауазымдарда қызмет етуге тыйым салынды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
🏢 🚗 Мемлекет пайдасына тәркіленген мүліктер
Заңсыз жолмен табылған немесе келтірілген шығынды өтеуге бағытталған біршама мүлік мемлекет меншігіне тәркіленді:
-
Бірнеше пәтер мен жер телімдері;
-
Коммерциялық нысандар;
-
Жеңіл және жүк көліктері.
💰 6 МИЛЛИАРД теңгеден астам азаматтық талап қанағаттандырылды
Сот мемлекетке келтірілген 6 миллиард теңгеден астам материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талапты толығымен қанағаттандырды. Ал қосымша талап етілген 12 миллион теңге көлеміндегі шығын дәлелденбегендіктен, бұл бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды.
Нұртас БӨЛЕКБАЕВ, №2 қалалық сотының судьясы: «Соттың шешімімен мемлекетке келтірілген 6 миллиард теңгеден астам шығын дәлелденіп, осы көлемдегі азаматтық талап толық қанағаттандырылды. Бұл заңсыз түзетулерге, соның ішінде құбыр түрінің заңсыз ауыстырылуына байланысты.
Ал қосымша талап етілген 12 миллион теңге бойынша шығын дәлелденбегендіктен, бұл бөлігі қанағаттандырылған жоқ. Бұған қоса сот тергеуі барысында дәлелденген мүліктің бір бөлігі мемлекет пайдасына тәркіленсе, бірқатары заңды иелеріне қайтарылды. Ал қалған мүлікке салынған тыйым мемлекетке келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз ету мақсатында сақталды».
💧 🛠️ Қылмыстық істің мән-жайы
Қылмыстық іс Атырау және Маңғыстау облыстарының елді мекендерін, сондай-ақ ірі мұнай-газ кәсіпорындарын Қиғаш өзенінен тұщы сумен қамтамасыз етіп отырған «Астрахань – Маңғышлақ» су құбырын жаңғырту жобасына қатысты.
-
Жобаның жалпы құны: 17 миллиард теңгеден асады.
-
Жымқыру тетігі: Тергеу нұсқасына сәйкес, жобалық-сметалық құжаттамада құбырлардың түрі заңсыз өзгертіліп, бағасы негізсіз өсірілген. Іс жүзінде сапасы төмен әрі әлдеқайда арзан құбырлар сатып алынған.
