Caspian News, 30 шілде. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының шешімімен және Өңірлік кеңестің келісімі бойынша Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры лауазымына Нұржан Мақсотұлы Ермұханов тағайындалды.
Жаңа басшыны ұжымға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Маханов таныстырды. Ол Нұржан Ермұхановтың мол басқарушылық тәжірибесі мен Атырау қаласы әкімінің орынбасары және міндетін атқарушы қызметтерін атқарған кездегі аймақ бизнесін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Нұржан Ермұхановтың кандидатурасын Өңірлік кеңес мүшелері де бірауыздан қолдап, сындарлы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.
Нұржан Ермұханов 1976 жылы Атырау қаласында туған. Филология, экономика және менеджмент салалары бойынша жоғары білімді, мұнай-газ ісінің магистрі. Еңбек жолын 1994 жылы бастап, әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК, Атырау қаласы әкімінің аппаратында, Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және қала әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Соңғы тағайындауға дейін ол Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық пікірді зерттеу орталығын басқарып келген.
