Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ӘКЕЛЕР МЕН БАЛАЛАР ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ БІРГЕ ӨТКІЗУДЕ: АТЫРАУДА ЕРЕКШЕ ЛАГЕРЬ БАСТАЛДЫ

Caspian News, 10 маусым. Атырауда алғаш рет әкелер мен ұлдарға арналған «Әке мектебі: дәстүр мен еңбек» атты екі күндік бірегей еңбек лагері өз жұмысын бастады. Мәдени-тәрбиелік іс-шара «Nurly tal» этно-паркінің аумағында өтіп жатыр.

Бұл жоба елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әкелер күніне орайластырылған. Жобаның басты мақсаты — бірлескен еңбек арқылы әке мен ұл арасындағы байланысты нығайту, ер баланың бойында тұрмыстық дағдылар мен жауапкершілік сезімін дамыту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сіңіру.

Киіз үй құру, қой қырқу және ат әбзелдері

Атырау облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Шота Қанатов лагерь бағдарламасының ерекшеліктерімен бөлісті:

«Әкелер мен ұлдар болып бірігіп, бұл шарада біз ең алдымен киіз үй құрамыз, оның жабдықтарымен және құрылғыларымен танысамыз. Одан кейін қой сойып, оны жіліктеудің, мүшелеудің қыр-сырын, кімге қандай сыбаға беру керектігін үйретеміз. Бағдарламада қой қырқу, ат әбзелдерін тану, жылқыға ер-тоқымды қалай салу керектігі сияқты тұрмыста қажетті түрлі танымдық шаралар қамтылған».

Өңірлерден келген қатысушылар: «Мақсатымыз – жақсы азамат тәрбиелеу»

Еңбек лагеріне Атырау облысының 7 ауданынан және Атырау қаласынан арнайы іріктелген 25 әке мен олардың 13–14 жастағы ұлдары қатысуда.

Қызылқоға ауданының Сағыз ауылынан ұлы Ернарды ертіп келген көпбалалы әке, лагерь қатысушысы Аслан Жалғасбаев өз әсерін былай жеткізді:

«Шараға қатысып жатқан басты себебіміз — қоғамдағы әке мен ұлдың арасындағы махаббатты, қарым-қатынасты және тәрбиені нығайту. Әке ретінде ұлымыздың қоғамда жақсы азамат болып қалыптасуына шын ықыласпен атсалысып жүрген жанбыз. Ұлым Ернар дзюдо үйірмесіне қатысады, спорт шеберлігіне үміткер. Осындай тағылымы мол жобаға ұлыммен бірге келіп қатысып жатқаныма өте қуаныштымын».

Марапаттау рәсімі

Ұлдарды еңбекке баулып, ата-баба дәстүрін дәріптеген «Әке ,мектебі: дәстүр мен еңбек» лагері 11 маусым күні қорытындыланып, қатысушыларды арнайы марапаттау рәсімімен аяқталады.

Оқи отырыңыз...

В Актау руководство ТОО обвиняется в присвоении 400 млн. тенге дольщиков

МАНГИСТАУСКИЕ СЫРЫ ПРЕДСТАВЯТ НА КОНКУРСЕ ВО ФРАНЦИИ

БАТЫСТАҒЫ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ӨЗГЕРЕ МЕ? МИНИСТРЛІК ПІКІР БІЛДІРДІ