Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ИСАТАЙ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ АУЛАУ СПОРТЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Caspian News, 10 маусым. Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин Атырау облысы спорттық балық аулау федерациясының президентін қабылдады. Басқосудың басты тақырыбы — аудандағы спорттық балық аулауды дамыту және оны жаңа деңгейге көтеру мәселелері болды.

Бүгінде балық аулау тек кәсіп пен әуесқойлық аясынан шығып, спорттың жеке бағыты ретінде қарқын алып келеді. Бұл үрдіс табиғатты қорғауға, су айдындарындағы биоалуантүрлілікті сақтауға және балық қорын молайтуға тікелей ықпал етеді. Кездесуде ауданның 3 спортшысы республикалық деңгейдегі жарыстарда облыс намысын қорғау мүмкіндігіне ие болғаны айтылды.

«Алтын қармақтан» «Бақсайға» дейін: Аудандағы бас команда

Атырау облысы спорттық балық аулау федерациясының Исатай ауданы бойынша өкілі Руслан Қабделов команданың қалыптасу жолы мен жетістіктеріне тоқталды:

«2025 жылы ең алғаш рет балық аулау жарысына қатысқанымызда нәтиже болған жоқ. Содан кейін қалқымалы қармақпен балық аулаудан Исатай ауданынан 2 команда шықтық. Кейінгі 3 жарыстың екеуінде 1-орын, ал соңғы өткен сайыста 3-орынға ие болдық.

Биыл жаңадан «Бақсай» командасы құрылды. Оған дейін «Алтын қармақ» атауымен шығып жүрдік, ол кезде де жетістіктеріміз аз болмады. Жаңа атауды Хамит Ерғалиев ауылы тұсынан өтетін Бақсай өзенінің құрметіне қойдық. Қазір құрамда 7 адам бар».

Спорттық балық аулаудың негізгі қағидалары

Федерация өкілдерінің мәлімдеуінше, спорттық балық аулаудың қарапайым балықшылықтан айырмашылығы үлкен және оның қатаң ережелері бар:

  • Маусымдық шектеулер: Балықтың уылдырық шашу кезеңінде және қорғауға алынған сирек кездесетін балық түрлерін аулауға мүлдем тыйым салынады.

  • Лимит: Тәулігіне ауланатын балықтың саны мен жалпы салмағына нақты шектеу қойылады.

  • «Ұста да жібер» (Catch and Release) принципі: Халықаралық тәжірибеде кең таралған бұл ереже бойынша ауланған балықтың салмағы мен өлшемі арнайы тіркелгеннен кейін, ол су айдынына аман-есен қайта жіберіледі. Мұндай тәсіл табиғи тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта ауқымды спорттық балық аулау жарыстарын Исатай ауданының өз аумағында да тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз...

Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «қызметкері» ұсталды

Мұхтар Жәкішев 11 жылдан соң түрмеден шықты

ЖҰМЫСҚА ДЖИНСЫМЕН