Caspian News, 11 маусым. Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде БАҚ өкілдері арасында тұңғыш рет «Музейлік QUEST» интеллектуалдық-шығармашылық ойыны өтті. Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған бұл жобаның басты мақсаты — музей қорындағы құнды туындыларды кеңінен насихаттау, қоғамның мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру және келушілер қатарын көбейту.
Ерекше форматтағы сайысқа өңірдегі танымал журналистер, баспасөз хатшылары мен медиа мамандарынан құралған бес команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Бес кезеңнен тұратын ізденіс
Квест ойыны жалпы есеппен бес күрделі кезеңнен тұрды. Жарыс барысында қатысушылар тек жылдамдық қана емес, тапқырлық, логикалық ойлау жүйесі мен шығармашылық шеберліктерін де ортаға салды.
Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Дауылбаев сайыстың өту барысы туралы былай деді:
«Қатысушылар топ-топқа бөлініп, музей залдарын шарлап, жасырылған сұрақтардың жауабын іздеді. Олар логикалық тапсырмаларды орындап, пазлдар құрастырды, тіпті өздері де сурет салып, шығармашылық еңбектерін көрсетті.
Басты қызық — қатысушыларға берілген сұрақтардың жауабы арқылы залдағы картиналардың жасырын орналасу ретін тауып алу керек болды. Бұл сайысты өткізудегі мақсатымыз — музейіміздің заманауи мүмкіндіктерін көрсету және көрермендерге рухани ләззат сыйлай отырып, өнерді ұғындыру».
Жергілікті суретшілерді тану: «Квест — музейге тартудың таптырмас құралы»
Ойын барысында мәдениет, бейнелеу өнері және тарих тақырыптарындағы сұрақтарға жауап берген медиа саласының мамандары бұл жобадан үлкен әсер алғандарын жеткізді. «Атырау» радиосының аға редакторы Кәмшат Аралбай өз ойымен бөлісті:
«Бұл — менің Ш. Сариев атындағы музейге алғаш рет келуім. Осындай квестке қатысу арқылы менде үлкен таңданыс туды. Біз көбіне Алматы, Астана немесе еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі мықты қолөнер шеберлері мен суретшілерді жақсы танимыз да, өзіміздің жергілікті таланттарды біле бермейді екенбіз.
Бұл квест маған Атыраудың жергілікті суретшілерінің туындыларын тереңірек зерттеуге таптырмас мүмкіндік берді. Жастарды, әсіресе мектеп оқушылары мен балаларды музейге тарту үшін ақпаратты тек баяндап қана қоймай, осындай интерактивті квест бағытында ұсыну өте маңызды әрі өте қызықты деп есептеймін».
Қорытынды және марапаттау
Музей экспонаттарын тереңірек тануға, топтық бірлікті нығайтуға бағытталған «Музейлік QUEST» соңында қазылар алқасы үздік нәтиже көрсеткен командаларды анықтады.
Тапқырлығымен және ұшқыр логикасымен ерекшеленген жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық басқарма тарапынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Музей басшылығы мұндай интерактивті шараларды алдағы уақытта қала тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында да тұрақты түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр.
