Caspian News, 1 маусым. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Президент резиденциясы — Ақорда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100 дарынды оқушы үшін өз есігін айқара ашты. Салтанатты шараға халықаралық және республикалық пән олимпиадаларының жеңімпаздары, дарынды спортшылар мен шығармашылық байқаулардың лауреаттары қатысты. Кішкентай меймандар резиденция ішін аралап қана қоймай, естелік сыйлықтарға ие болды.
Балалар үшін ғимарат құрылысының тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы сыр шертетін арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Оқушылар ресми мемлекеттік қабылдаулар өтетін зәулім залдарды аралап, Мемлекет басшысының кітапханасымен танысты және резиденция бағында серуендеді.
Ақорда қонақтарының әсері: «Өзімді Президент сияқты сезіндім»
Ақорданың ішін тамашалаған жас дарындар өздерінің алған әсерлері мен қуаныштарын жарыса бөлісті:
Бейбарыс Бақтыбаев, Орал қаласынан келген оқушы:
«Орал қаласынан ұшақпен келдім. Маған Ақорда өте ұнады. Үлкен, әдемі екен. Көп залды араладық, маған әсіресе кітапханасы қатты ұнады».
Ұлан Махамбет, Жамбыл облысынан келген оқушы:
«Ақорданың іші өмірде көргенге жетпейді екен. Ақорданың іші бізге бақыт сыйлады. Біздің бала арманымыз орындалды».
Әмірлан Қайрат, Абай облысынан келген оқушы:
«Ақордаға кіріп, өзімді Президент сияқты сезіндім. Осы сапарға ерекше дайындалдым — Семейге келіп, базардан жаңа костюм сатып алдым. «Красавчик» болып келейін дедім. Сосын костюміме әр беру үшін мына цепочканы тағып алдым».
Кирилл Мукаедов, 7-сынып оқушысы:
«Мен Астанаға «Зерде» байқауында жүлделі орын алғанымның арқасында келдім. Маған Ақорда өте қатты ұнады, әсіресе мәрмәр залы ерекше әсер қалдырды. Бұрын мұндай жерге келемін деп ойламаппын, өте қуаныштымын».
Кәусар Сәндібек, Қарағанды облысынан келген оқушы:
«Мұнда келемін деп мүлдем ойламаған едім. Ақордаға экскурсияға барасың дегенде қатты қуандым. Осы әйгілі мекенге келу үшін мектеп формамның ең жақсысын таңдап, арнайы дайындалдым. Үлкен залдарға кіргенде сұлулығына таңғалғаным сондай, тіпті осында қалып, тек тамашалай бергім келді».
Мемлекеттік қолдау: «Қазақстан балалары» бағдарламасы және «Ұлттық қор»
Мемлекет басшысы әлеуметтік желідегі құттықтауында балаларды қолдау — мемлекет саясатының басты басымдығы болып қала беретінін нақтылады. Соңғы екі жыл ішінде балалар құқығын қорғау бағытында 11 заң мен бағдарлама қабылданып, 158 нақты шараны қамтитын «Қазақстан балалары» бағдарламасы сәтті іске қосылды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның мәлімдеуінше, еліміздің өңірлерінде алғаш рет заңмен бекітілген Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары өз қызметін бастады.
Балалар қауіпсіздігі мен әл-ауқатының көрсеткіштері:
Бүгінде Қазақстан бойынша өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған негізгі демографиялық және қаржылық көрсеткіштер төмендегідей:
| Көрсеткіштер сипаты | Нақты мәліметтер мен ауқымы |
| Балалардың жалпы саны | Қазақстанда 6,9 миллион бала тұрады (бұл ел халқының үштен бірінен астамы). |
| «Ұлттық қор – балаларға» жобасы | Жас ұрпақтың есепшотына жалпы көлемі 2,3 миллиард доллар бағытталды. |
| Құқықтық қолдау шаралары | Соңғы 2 жылда балалар қауіпсіздігі үшін 11 жаңа заң мен бағдарлама қабылданды. |
Балаларды қорғау күніне орай тек Ақордада ғана емес, еліміздің барлық өңірлері мен қалаларында бүлдіршіндерге арналған ауқымды мерекелік және мәдени шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
