Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА 5 АЙДЫҢ ІШІНДЕ ДРОППЕРЛІККЕ ҚАТЫСТЫ 18 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ТІРКЕЛДІ

Caspian News, 11 маусым. Атырау облысында оңай олжаға кенелгісі келіп, алаяқтардың қаржылық схемаларына араласқан азаматтар заң алдында жауап беріп жатыр. Жыл басынан бергі 5 айдың ішінде өңірде дропперлікке қатысты 18 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы хабарлады.

Қазіргі таңда бұл істердің барлығы тергеліп, сот қарауына жолданған. Ал республика бойынша жыл басынан бері осындай 711 дерек анықталды. Аяқталған істер бойынша зардап шеккен азаматтарға келтірілген материалдық шығын көлемі 59,5 миллион теңгені құрап отыр.

Мамандардың айтуынша, азаматтар (көбіне жастар мен студенттер) әлеуметтік желідегі «жеңіл табыс» туралы хабарландыруларға қызығып, өздерінің банк шоттары мен төлем карталарын үшінші тұлғалардың пайдалануына береді. Мұндай әрекеттер криминалдық топтардың алаяқтық жолмен тапқан ақшасын заңдастыруына (жылыстатуына) көмектесу деп танылып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Киберполиция ескертеді: Дропперлік қармағына қалай түспеу керек?

Атырау облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтан Иманғалиев азаматтарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті:

«Дропперліктің алдын алу және қылмыскерлердің қолшоқпарына айналмау үшін ең алдымен өз банк шоттарыңызды, жеке деректеріңізді, қосымшалардың логині мен құпиясөздерін ешкімге бермеңіз. Тек қана ақша аудару немесе оны қолма-қол ақшаға айналдырып бергені үшін жоғары пайыз ұсынатын күмәнді онлайн табыс көздерінен бас тартыңыз.

Егер сізге қаржылық операциялармен байланысты жұмыс ұсынылса, жұмыс беруші мекеме туралы ақпаратты мұқият тексеріңіз. Онлайн банкинг жүйесінде міндетті түрде екі факторлы қорғанысты (2FA) және сенім сөздерін пайдаланған абзал. Егер сізге осындай күмәнді ұсыныстар түссе, бірден банкке немесе полицияға хабарласыңыз».

Есіңізде болсын!

Дроппер (немесе дроп) — алаяқтардың заңсыз тапқан ақшасын өзінің банк картасы немесе есепшоты арқылы өткізіп, оны қолма-қол ақшаға айналдырып бергені үшін пайыз алатын адам. Заң тұрғысынан «мен ақшаның қайдан келгенін білмедім» деген уәж қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Картаңызды басқаға беру арқылы сіз қылмысты сыбайлас ретінде орындаушыға айналуыңыз мүмкін.

Оқи отырыңыз...

«ҚАЗАҚМЫС» КОРПОРАЦИЯСЫНДА АКЦИОНЕРЛІК ҚҰРАМ ӨЗГЕРМЕК

АТЫРАУДА БАД ӨНІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ САТҚАН 52 ПАРАҚША ЖАБЫЛДЫ

АҚТӨБЕДЕ ТУЫСТАРЫ НАУҚАСТЫҢ ӨЛІМІНЕ ДӘРІГЕРЛЕР КІНӘЛІ ДЕП ОТЫР