Caspian News, 25 мамыр. Ақтөбе қаласында жұртшылықтың жағасын ұстатқан аса ауыр жағдай тіркелді. Шаһардың «Тұрғындар қалашығы» деп аталатын ауданындағы ескі гараждардың маңынан пакетке орап, тастап кеткен жаңа туған нәресте табылды. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары шақалақты өлімге қиған тасжүрек ананы іздестіру бойынша жедел-іздестіру шараларын бастап кетті. Ал сәби шұғыл түрде аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді.
Күмәнді пакет: Шақалақты 11 жасар қыз құтқарып қалған
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ағаш түбінде жатқан күмәнді түйінді сол маңнан өтіп бара жатқан кішкентай қыз бала байқап, дер кезінде үлкендерге хабар берген. Осы әрекеттің арқасында ғана сәби аман қалды.
Любовь Щестакова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
«Сәбиді алдымен ақ пакетке салып, кейін сыртын қара түсті қоқыс пакетімен тығыздап орап, аузын байлап тастаған екен. Оны осы маңда жүрген 11 жастағы қыз бала тауып алды. Оқиға шамамен кешкі сағат бестер де болған. Басында қыз бала пакеттен шыққан әлсіз дыбысты марғаудың (мысықтың баласы) дауысы шығар деп ойлапты. Кейін күмәнданып, бірден ата-анасына айтқан. Ал ата-анасы ішін ашып көріп, шошыған күйі бірден полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырды».
Дәрігерлердің мәлімдемесі: Баланы гипотермиядан арашалау
Денесі мұздап, дем алысы нашарлаған нәрестеге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барын салды.
Айгүл Аманжолова, Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Сенбі күні қалалық балалар ауруханасына жедел жәрдем бригадасымен пакетке салынған жаңа туған нәресте жеткізілді. Ауруханаға түскен кезде баланың дене қызуы өте төмен, яғни критикалық деңгейде болды (қатты тоңған). Осыған байланысты ол бірден жан сақтау бөліміне жатқызылды. Білікті мамандардың жасаған қажетті ем-домы мен шұғыл шараларынан кейін, бүгінгі күні баланың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Қазіргі уақытта сәби толықтай тексеруден өту үстінде, дәрігерлердің жіті бақылауында».
Тұрғындар талабы: Қылмыс ошағына айналған гараждар бұзылсын
Бұл оқиға жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырып, осы аумақтағы ретсіз тұрған ескі ғимараттар мәселесін қайта көтеруге мәжбүр етті. Тұрғындардың сөзінше, бұл маңдағы қараусыз қалған ескі гараждар бұрыннан бері қауіпті аймаққа айналған.
Мұнда күнделікті ішімдік ішетіндер, қаңғыбастар мен есірткі тұтынатын белгісіз тұлғалар жиі жиналады. Соның кесірінен ата-аналар балаларын сыртқа жалғыз шығаруға қорқатын деңгейге жеткен. Үрей құшағында отырған жұртшылық аумақтағы ескі гараждарды шұғыл түрде толықтай бұзуды талап етіп отыр. Тұрғындар жақында ғана осы орында үлкен өрт болғанын еске салып, келесі жолы бұдан да сорақы келеңсіз жағдай қайталанбас үшін қала әкімдігі бұл мәселені шұғыл түрде өз бақылауына алуы тиіс деп санайды.
