Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ: АТЫРАУДА АЛҒАШ РЕТ «ZERSAL» СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Caspian News, 19 мамыр. Атырау қаласында отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ерекше форматтағы басқосу ұйымдастырылды. Өңірде алғаш рет ата-аналарға арналған «ZERSAL» фасилитативтік сессиясы өз жұмысын қорытындылады.

Кездесу заманауи интерактивті «World café» (Әлемдік кафе) әдісі бойынша сегіз арнайы топта ұйымдастырылды. Бұл формат қатысушылардың еркін, ашық пікір алмасуына және бала тәрбиесіне қатысты сыни мәселелерде ортақ ұсыныстар әзірлеуіне мүмкіндік берді.

Сессия барысында қоғамды мазалаған ең өзекті тақырыптар — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен нашақорлықтың белең алуы, ерте жүктіліктің алдын алу, мектептегі буллинг, балаларға психологиялық қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ балаға тым шектен тыс қамқорлық жасаудың («гиперопека») кері әсерлері мен ата-аналардың тікелей жауапкершілігі сөз болды.

«Бала тәрбиесін екінші орынға қоюға болмайды»

Өңірдегі балалар қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты статистикалық көрсеткіштер уақыт созбай, қоғам болып әрекет етуді талап етеді.

Марат Әбуов, Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы:

«Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, соңғы кездері Атырау өңірінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық бірнеше есеге өсті. Бұл — дабыл қағатын жағдай. Бұл түйткіл тек бір ғана мекеменің емес, қоғамдағы барша ұйым бірлесіп жұмыс істегенде ғана оң шешімін табады. Бүгінде ата-аналардың көбі күнделікті күйбең тіршілікпен, жұмыспен жүріп, бала тәрбиесін екінші орынға ысырып қояды. “Білім беру ұйымдары мен мектеп айналысуы керек, менің оған қолым тимейді” деген түсінік қалыптасқан. Біз осындай заманауи шаралар арқылы ата-аналардың рөлін күшейтіп, оларға дұрыс бағыт-бағдар бергіміз келеді».

Ата-аналардың белсенділігі жоғары

«ZERSAL» фасилитативтік сессиясына мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, мектептер жанындағы ата-аналар кеңесінің төрағалары, білікті психологтар, сала мамандары және 70-ке жуық белсенді ата-ана қатысты. Жинағандар өзара тәжірибе алмасып, отбасындағы өзара түсіністікті арттырудың жолдарын қарастырды.

Алтынбек Идаятов, Құрманғазы ауданының тұрғыны, ата-ана:

«Осындай маңызды шараны қолға алып, ұйымдастырушыларға үлкен рахмет айтамын! Мұнда біз өте құнды ақпараттар алып жатырмыз. Өз тәжірибемізде білмегенімізді үйреніп, заманауи бала психологиясымен таныстық. Ата-ана ретінде бала тәрбиелеудегі қателіктеріміз бен жетістіктерімізді саралауға жақсы мүмкіндік болды. Осындай пайдалы жобалар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе екен дейміз».

«Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасының заңды жалғасы

Айта кетейік, бұл өткізілген «ZERSAL» сессиясы — өткен оқу жылында аймақта сәтті бастау алған «Ұрпағыңмен мың жаса!» ауқымды жобасының заңды жалғасы болып табылады.

Аталған жоба отбасылық құндылықтарды сақтау, мектеп пен қоғамның байланысын арттыру және мемлекеттік органдар мен ата-аналар арасындағы өзара сенімді қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Шара соңында қатысушылар тарапынан айтылған барлық тиімді ұсыныстар жинақталып, облыс мектептеріндегі тәрбие жұмыстарының бағдарламасына енгізілетін болды.

Оқи отырыңыз...

Информация о введении выплат за НДС – это фейк

ҚҰТҚАРУШЫЛАР БАЗАРЛАРДЫ АРАЛАП, РЕЙД ӨТКІЗУГЕ КІРІСТІ

АТЫРАУЛЫҚТАР АРЫСТА ЖҮР (видео)