Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Caspian News, 14 мамыр. Атыраудағы Абай орталығында мұғалімдердің еңбекақысы, демалыс ақысының төленуі және «Педагог мәртебесі» заңының орындалуына арналған ауқымды жиын өтті. Кәсіподақ ұйымдастырған семинарға білім беру мекемелерінің басшылары мен сала мамандары қатысты.

Еңбек демалысы және төлемақы мәселесі

Оқу жылының аяқталуына байланысты мұғалімдерді толғандыратын басты мәуе — еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысының есептелуі. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» бірлестігі бұл бағыттағы заңнамалық талаптарды мектеп директорларына егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бағытжан Мұсағали, кәсіподақ бірлестігінің төрағасы:

«Қазір мұғалімдер жаппай еңбек демалысына шығатын кезең жақындап қалды. Олардың еңбекақысы қалай төленеді, сауықтыру ақшасы қалай есептеледі деген сұрақтар өте көп. Біз директорларға “Педагог мәртебесі” туралы заңның талаптарын, мұғалімге жағдай жасау міндеттерін нақтылап айттық. Бұл жұмыстар біздің басты назарымызда болады».

Қауіпсіздік мәдениетін мектептен бастау

Жиынның тағы бір маңызды тақырыбы — еңбек және техника қауіпсіздігі. Мамандар қауіпсіздік ережелерін тек қағаз жүзінде емес, бала санасына ерте жастан сіңіру қажеттігін алға тартты.

Сырбай Жанесенов, мемлекеттік еңбек инспекциясы бөлімінің бас маманы:

«Еңбек сабағында құралдармен жұмыс істеу, дене шынықтыруда жаттығу жасау кезіндегі қауіпсіздікті бала кезден үйрету керек. Сонда бала бұл талаптарды міндет емес, өз өміріне қажеттілік деп біліп өседі. Қауіпсіздік мәдениеті қалыптасқан азамат болашақта кәсіби еңбекке де дайын болады».

Мұғалім құқығы — кәсіподақ қорғауында

Семинар барысында ұжымдық шарттарды әзірлеу және оны тіркеу тәртібі жөнінде де ақпарат берілді. Кәсіподақ өкілдері мұғалімдердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға, заңсыздықтар орын алған жағдайда құқықтық қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Жиын соңында қатысушылар өздерін мазалаған сауалдарға жауап алып, мектептердегі еңбек дауларының алдын алу бойынша нақты ұсыныстар әзірледі. Бұл шара ұстаздардың алаңсыз демалысқа шығып, өз құқықтарының сақталуына сенімді болуына бағытталған.

Оқи отырыңыз...

На трассе Атырау-Индер машина вылетела с дороги, два человека погибли

ҚАЛАДАҒЫ ФОНТАНДАР ШІЛДЕ АЙЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛУЫ МҮМКІН

«МҰНАЙШЫ» БАССЕЙНІ МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ӨТУІ МҮМКІН