Caspian News, 19 мамыр. Жылыой ауданында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» атты өңірлік көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Іскер әйелдер кеңесінің ұйытқы болуымен өткен шараға 30-ға жуық кәсіпкер, қолөнер шебері мен шаруа қожалықтарының иелері қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Жобаның басты мақсаты — үйдегі өндірісті жарыққа шығару
Бұл жобаның Жылыой аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өткен жөн. Шараның негізгі міндеті — ауылдық жердегі кәсіп иелеріне бағыт-бағдар беру.
Ерлан Нұрланов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:
«Жобаның негізгі мақсаты — аудандағы шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті шикізат көздерін тиімді пайдалану және ең бастысы, өз үйінде отырып-ақ шағын өндіріспен айналысып жатқан азаматтарды жарыққа шығару. Бүгінгі алғашқы көрмеге қатысушылар тігін өнімдері, сүт және ет өнімдері сияқты әртүрлі бағытта өз тауарларын әкеліп, жоғары деңгейде көрсетіп жатыр».
Жылқы майынан жасалған шипалы өнімдер
Көрмеде ұлттық нақыштағы және ауыл шаруашылығы бағытындағы өнімдерге сұраныс жоғары болды. Жиналғандардың қызығушылығын тудырған кәсіпкерлердің бірі — Исламбек Әлмұханов. Ол бүгінде жылқы өнімдерін өңдеп, нарыққа емдік және пайдалы тағамдық бағыттағы брендтерді шығаруды қолға алған.
Исламбек Әлмұханов, шаруа қожалық иесі:
«2016 жылдан бастап ағаларымның жанында жүріп, осы саланың қыр-сырын үйрендім, тәжірибе жинақтадым. Ал 2020 жылы өз алдыма жеке жылқыларымды сатып алып, жеке кәсібімді бастап кеттім. Қазіргі таңда ұлттық сусындарымыз — қымыз бен саумал өндірумен айналысамын. Бұдан бөлек, жылқының таза майынан тамақ пісіргенде қосатын “Сіңімді” деген арнайы өнім шығардым. Сондай-ақ, халқымыз жылқы майын ежелден шипалы санаған ғой. Осыны ескере отырып, дененің сынған-шыққан жерлеріне, буын ауруларына және буынға сары су жиналғанға ем болатын “Шипа” атты өнімімді де көпшілікке ұсынып отырмын».
10 кәсіпкер облыстық кезеңге жолдама алды
Жәрмеңке тек көрмемен шектелмей, үздіктерді анықтау алаңына айналды. Қазылар алқасының шешімімен, ұсынылған тауардың сапасы, бірегейлігі мен жергілікті шикізатты қолдану ерекшелігіне қарай 10 кәсіпкер «Үздік» номинациясымен марапатталды.
Аудан намысын қорғайтын бұл жеңімпаздар енді «Бір ауыл – бір өнім» жобасының облыстық кезеңінде бақ сынайтын болады. Жүлдегерлерге өз кәсібін әрі қарай гранттық қаржыландыру мен маркетингтік қолдау арқылы кеңейтуге мүмкіндік беріледі.
