Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыБасты ақпаратЖаңалықтарӨнер

АТЫРАУЛЫҚ ШЕБЕР БАЛЫҚ ТЕРІСІНЕН ҚОБЫЗ ЖАСАДЫ

Caspian News, 19 мамыр. Атыраулық қолөнер шебері Нұрсұлтан Қалиев ұлттық аспап жасау өнеріне бұрын-соңды болмаған ерекше жаңашылдық енгізді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін шебер қылқобыздың шанағын әдеттегідей мал терісінен емес, балық терісінен қаптаған. Оның айтуынша, бұл идея Атырау өңірінің балық шаруашылығы ерекшелігін төл өнерімізбен ұштастыру мақсатынан туған.

Жайын терісінің құпиясы: Жұқа әрі өте мықты

Балық терісін өңдеп, оны музыкалық аспапқа пайдалану аса ұқыптылық пен жоғары дәлдікті талап етеді. Табиғи материалдың құрылымы өте нәзік болғандықтан, оны қобызға бейімдеу үшін үлкен тәжірибе мен төзімділік қажет болған.

Нұрсұлтан Қалиев, қолөнер шебері:

«Көпшілік балықтың терісінен қобыз жасалғанын естігенде “Бұдан қалай дыбыс шығуы мүмкін?” деп таңғалып жатады. Тұрмыста малдың терісін пайдаланып үлкен бұйымдар жасау ежелден қалыптасқан, ал балық терісі тым нәзік, сондықтан онымен жұмыс істеудің өз сыры бар. Мен бұл мақсатта жайын балығының терісін таңдадым. Жайынның өзге балықтар сияқты қабыршағы (қабығы) жоқ, сонысымен малдың терісіне қатты ұқсайды. Оны илеп, керген кезде өте жұқа болғанына қарамастан, өте мықты әрі төзімді болып шығады».

Кәсіби музыканттардың жоғары бағасы

Ерекше технологиямен әзірленген қылқобыз бірден кәсіби музыканттардың қызығушылығын оятты. Аспапты алғашқылардың бірі болып сынап көрген өнерпаздар оның дыбыс ерекшелігіне тәнті болған.

Динара Тілекқабылова, қобызшы:

«Жергілікті шебер Нұрсұлтан ағамыздың бұл туындысы — өнердегі нағыз жаңалық. Әдетте қылқобыздың шанағы сиыр немесе түйенің көн терісімен қапталатын болса, бұл аспапта жайынның терісі қолданылған. Мұндай тәжірибені бұрын-соңды ешкім жасап көрмеген шығар. Бұл қобыздың басты ерекшелігі — дауысы өте қоңыр, терең. Нағыз дәстүрлі күйлерді орындауға арналған, құлақ құрышын қандыратын дыбыстық реңкі бар».

Дәстүр мен ізденістің үндестігі

Нұрсұлтан Қалиев осылайша ата-бабадан қалған дәстүрлі қолөнерді заманауи ізденіспен сәтті үйлестіріп, ұлттық өнердің жаңа бір бағытын қалыптастырып отыр. Балық терісінен жасалған қобыз — отандық мәдениеттегі сирек кездесетін, эксклюзивті жобалардың бірі. Нағыз брендке айналар туындыны жарыққа шығарған ізденімпаз шебер алдағы уақытта да қазақ қолөнерін әлемдік деңгейде жаңа қырынан танытуға ниетті екенін жеткізді.

Оқи отырыңыз...

Атыраудағы армян нөмірлі көліктердің иелері Нұрлан Нығматуллинге үндеу жолдады (видео)

СТАРТУЕТ ПРИЕМ ЗАЯВОК ПО ЖИЛИЩНОЙ ПРОГРАММЕ «АТЫРАУ АУДАН ЖАСТАРЫ»

АТЫРАУДА ТӘУЛІГІНЕ 120-ҒА ЖУЫҚ АДАМ ТҰМАУМЕН ШАҒЫМДАНАДЫ