Caspian News, 19 мамыр. Ақтау қаласында мектеп оқушылары арасында дәстүрлі қалалық зияткерлік олимпиада өтті. Нәсіпқали Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің базасында ұйымдастырылған білім бәйгесіне биыл 240-тан астам оқушы қатысып, бақ сынады. Сәтті өткен ауқымды шара биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Жаратылыстану бағыты: Пәндер қатары көбейді
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы доданың ауқымы өткен жылмен салыстырғанда кеңейе түскен. Егер былтыр оқушылар тек физика мен математика пәндері бойынша сынға түссе, биыл бағдарламаға химия және информатика бағыттары қосылды. Білім бәйгесінде жас дарындар өздерінің логикалық ойлау қабілеттері мен ғылыми дайындық деңгейлерін жоғары дәрежеде көрсете білді.
Гүлден Иманғалиева, Н. Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің директоры:
«Қазіргі заманның басты талабы — жаратылыстану-математика бағытындағы мамандықтарға сұраныстың жоғары болуы. Елімізде техникалық сала мен цифрлық технологияларды дамыту үшін бұл бағыттың маңызы зор. Біз бұл олимпиаданы балаларды заманауи мамандықтарға жетелейтін, оларға үлкен бағыт-бағдар беретін маңызды жоба деп есептейміз».
Лариса Жигунова, ұйымдастырушы:
«Бұл шара біздің лицейге білімге құштар, дарынды балаларды тарту мақсатында өткізіліп жатыр. Біз әсіресе математика мен нақты ғылымдар бағытына ерекше бейімі бар, ізденімпаз оқушыларды қамтуға және олардың қанат қағуына қолдау көрсетуге тырысамыз».
Мұғалімдер үшін тәжірибе алмасу алаңы
Олимпиада тек оқушылардың сайысымен шектелген жоқ. Шара аясында мектеп мұғалімдеріне арналған арнайы әдістемелік семинар да ұйымдастырылды. Семинар барысында Назарбаев Университетінің PhD докторанты Олжас Саяқов пен математика пәнінің тәжірибелі маманы Бауыржан Көбеев әріптестерімен кездесіп, оқушыларды халықаралық және республикалық олимпиадаларға шыңдаудың ең тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
«100 үздік мектептің» бірі
Айта кетейік, білім бәйгесіне мұрындық болған №7 мектеп-лицейі — бірнеше жыл қатарынан Маңғыстау облысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда» атағын бермей келе жатқан, еліміздің «100 үздік мектебі» тізіміне енген іргелі білім ордасы.
Зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша өз қатарластарынан оқ бойы озық шығып, жоғары білім деңгейін көрсеткен білімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
