Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
Басты ақпаратЖаңалықтар

ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТ: АЛАТАУ ҚАЛАСЫНА 2 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Caspian News, 21 мамыр. Қазақстанда жаңадан құрылған Алатау қаласы (Alatau City) еліміздің ең ірі экономикалық және технологиялық эксперимент алаңына айналмақ. ҚР Үкіметі жаңа шаһарды дамыту үшін Шэньчжэнь, Хайнань және Дубай сияқты әлемдік деңгейдегі еркін аймақтардың озық тәжірибесін енгізуде. Қаланы заманауи талаптарға сай тұрғызу үшін арнайы Конституциялық заң да қабылданды. Жаңа құжат аясында Алатауда ерекше құқықтық режим, салықтық жеңілдіктер мен инвесторларға арналған «бір терезе» қағидаты іске қосылады.

ҚР Вице-премьері Қанат Бозымбаевтың журналистерге арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеуінше, жаңа қала негізінен мемлекет бюджетіне салмақ салмай, жеке инвестициялар есебінен дамиды.

Оның сөзінше, соңғы 10 жылда әлемде осындай мыңнан астам жаңа қала жобасы жарияланған. Алайда, олардың шамамен 60 пайызы сәтсіздікке ұшыраған. Бұған басты себеп — құқықтық және салықтық дербестіктің болмауы, шамадан тыс бюрократия, шешім қабылдаудың баяулығы, жер мәселелері, инфрақұрылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі және институттар тәуелсіздігінің әлсіздігі. Қазақстан үкіметі бұл қателіктердің бәрін ескеріп, заңнамалық деңгейде шешіп қойғанын алға тартты.

Қанат Бозымбаев, ҚР Вице-премьері:

«Алатау өте тез дамитын заманауи шаһар болады деп жоспарлап отырмыз. Ол мүлдем басқаша жаңа принциптермен салынуда. Мұндағы ең басты міндет — инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, қала тұрғындарын, яғни қарапайым халықты жоғары ақы төленетін тұрақты жұмыспен қамту болып табылады».

50 инвестициялық жоба және инфрақұрылым

Қазіргі уақытта Алатау қаласын дамыту аясында құны триллиондаған теңгені құрайтын ірі өндірістік және әлеуметтік жобалар кешені дайындалған.

Аркен Өтенов, Алатау қаласының әкімі:

«Қазіргі таңда бізде жалпы құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 50-ден астам ірі инвестициялық жоба бар. Бүгінде сол жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру үстіндеміз. Ал мемлекет тарапынан қаланың әлеуметтік және базалық инфрақұрылымын дамытуға ғана қаржы бөлінеді. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданды. Қазіргі уақытта аталған Жол картасы шамамен 300 миллиард теңге көлемінде бекітілді. Мемлекет шығындары қаланың нақты өсімі мен даму қарқынына сай, тек қажетті бағыттарға ғана жұмсалады».

Инвесторларға қойылатын талап: Салықтан жалтаруға жол берілмейді

Алатау қаласында инвесторларға ұзақмерзімді кепілдік пен тұрақты ойын ережелері ұсынылады. Алайда, заң бойынша берілетін салықтық жеңілдіктер барлық компанияларға бірдей үлестірілмейді. Мемлекеттік қолдау тек нақты өндіріс немесе қызмет көрсету нысанын салып, Alatau City аумағында жаңадан табыс табатын кәсіпорындарға ғана беріледі. Басқа өңірде жұмыс істеп тұрған бизнесті жай ғана осы қалаға қайта тіркеу (юридикалық мекенжайын өзгерту) арқылы салықтан жалтару әрекеттеріне қатаң жол берілмейді.

Болашақтың көлігі — Аэротакси: Келешек қаласының өзіндік ерекшелігі — мұнда заманауи аэротакси қызметі іске қосылады. Алғашқы демонстрациялық сынақ ұшулары сәтті өтіп үлгерді. Жоба авторларының есебінше, әуе таксиінің бағасы қалалық премиум-класс автотакси тарифімен шамалас болады.

«Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың мәліметінше, әуе жолымен жүрудің бағасы 1 шақырым қашықтыққа орта есеппен 1 АҚШ доллары көлемінде бағаланбақ.

Алатау қаласының іргетасының қалануы мен оған тартылып жатқан орасан зор инвестиция еліміздің оңтүстік өңіріндегі экономикалық белсенділікті арттырып, халықаралық деңгейдегі жаңа логистикалық және қаржылық хабтың қалыптасуына негіз болмақ.

Оқи отырыңыз...

СОСТОЯНИЕ ТЯЖЁЛОЕ (видео)

АТЫРАУДА ОСЫ АПТАДА КҮН РАЙЫ САЛҚЫН БОЛАДЫ

ӘЖЕЛЕР САЙЫСЫ