Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарЭкология

АТЫРАУЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯНЫ ЕРЕКШЕ ФОРМАТТА ӨТКІЗДІ: ЖҮГІРУ ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ

Caspian News, 19 мамыр. Атырауда белсенді жастар мен спорт сүйер қауым экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тың үлгісін көрсетті. Қалада тұңғыш рет жүгіру мен қоқыс жинауды қатар ұштастырған «Plogging – Run for Future» эко-шеруі өтті. Белгіленген қашықтық бағыты бойынша жүгірген тұрғындар жол-жөнекей кездескен пластик, қағаз және өзге де тұрмыстық қалдықтарды арнайы қаптарға жинап отырды.

Бұл бастама қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын оятып, қоршаған ортаны қорғауға заманауи серпін берді. Керемет шара қалалық әкімдіктің қолдауымен, «Теңіз жүрегі» әлеуметтік жобасы аясында «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры мен «RunClub Atyrau» жүгіру клубының бірлесуімен ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» аясындағы белсенділік

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл шара ел көлемінде өтіп жатқан ауқымды экологиялық бағдарламалармен тікелей үндеседі.

Асылханым Ахмурова, шараны ұйымдастырушы:

«Бұл акцияның басты мақсаты — елімізде жарияланған “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында туған қаламыздың тазалығына үлес қосу, жастарды экологиялық сауаттылық пен жауапкершілікке бейімдеу. Бүгінгі плоггингке 40-қа жуық қатысушы жиналды. Олардың міндеті — сөре мен мәре арасындағы қашықтықты жүгіріп өту ғана емес, жерде жатқан барлық қоқысты жинап, мәре сызығына (финишқа) дейін жеткізу болды».

Спорт пен табиғат жанашырлығы

Эко-жарысқа қатысушылар да бұндай заманауи форматтың тиімділігі жоғары екенін жеткізді. Жүгіру барысында еңкейіп қоқыс жинау адам ағзасына қосымша кардио жүктеме беріп, пайдасын еселей түседі.

Ақмарал Сүйінова, акцияға қатысушы:

«Біз бүгін Run Club командасымен бірге осы “Plogging” экологиялық акциясына үлкен қызығушылықпен қатыстық. Осылайша спортпен шұғылдана отырып, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Жалпы, барлық тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырамын. Өзімнің жүгіруді қолға алғаныма бір жылдан асты, қазір бұл менің күнделікті пайдалы әдетіме айналды. Спортты осындай ауқымды, қоғамға пайдалы шаралармен байланыстырып ұйымдастыру өте қуантады».

Атыраудағы жүгіру қауымдастығының әлеуеті

Жүгіру мәдениетін серік еткен «RunClub Atyrau» клубының құрамында бүгінде шамамен 80-100 адам бар. Салауатты өмір салтын насихаттаушылар аптасына үш рет тұрақты түрде кәсіби жаттығулар өткізіп тұрады.

Клуб мүшелері қала мен облыс көлеміндегі түрлі мәдени, спорттық және қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, Атырауда бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта плоггинг акциясын дәстүрлі түрде өткізіп, қатысушылар ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Оқи отырыңыз...

Атырауда Жедел жәрдем фельдшерін ұрып-соққан бұзақы ұсталды

ФИФА-2026: ЖАРТЫ МИЛЛИАРД АДАМ БИЛЕТКЕ ӨТІНІМ БЕРІП, ТАРИХИ РЕКОРД ОРНАТЫЛДЫ

БЕРГЕЙГЕ ҮКІМ ШЫҚТЫ