Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыБілімЖаңалықтар

АТЫРАУДА №3 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 10 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Caspian News, 19 мамыр. Атыраудағы іргелі білім ордаларының бірі — дарынды қыздарға арналған №3 «Білім-инновация» лицей-интернатының ашылғанына 10 жыл толды. Мерейтойлық атаулы датаны оқу ордасының ұжымы ауқымды деңгейде атап өтті. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты шараға лицей оқушылары, жан-жақтан жиналған түлектер, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен құрметті қонақтар қатысты.

Он жылдық белес: Сандар мен сапалы көрсеткіштер

Құрылғанына он жыл ғана болса да, лицей осы уақыт ішінде өңірдің білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек:

  • 300-ге жуық тәрбиеленуші — облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпазы атанған;

  • 73 оқушы — республикалық зияткерлік жарыстарда топ жарған;

  • Халықаралық додаларда да лицей намысын қорғаған жүлдегерлер қатары қалың.

Бүгінде білім ордасының түлектері Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білімдерін сәтті жалғастырып, өңір абыройын халықаралық деңгейде танытып жүр.

Халықаралық стандарт және тілдік басымдық

Лицей 2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей қолдауымен дарынды қыздарға арналған мамандандырылған мектеп-интернат ретінде есігін айқара ашқан болатын. Алғашқы жылы мұнда 129 оқушыдан құрылған 5 сынып және 16 педагог жұмыс істесе, қазіргі ауқымы айтарлықтай кеңейген.

Гүлнар Кенжеғалиева, №3 «Білім-инновация» лицей-интернаты директорының орынбасары:

«Қазіргі таңда лицейімізде 226 оқушы тәрбиеленіп жатыр. Оларға дәріс беретін және тәрбиелейтін 40-қа жуық білікті мұғалімдер мен педагогтар құрамы жұмыс істейді. Жыл сайын біздің түлектеріміздің арасынан “Алтын белгі” мен үздік аттестат иегерлері шығады. Біздің лицейде оқу бағдарламасы жаратылыстану-математика бағыты бойынша жүргізіледі, яғни техникалық және жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылады».

Заманауи білім беру жүйесіне сай, лицейде негізгі пәндермен қатар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері тереңдетіліп оқытылады. Бұған қоса, арнайы факультативтік сабақтар арқылы қыздардың француз және неміс тілдерін де меңгеруіне толық мүмкіндік жасалған.

«Лицейдің оқушыларға деген махаббаты»

Мерекелік кеш барысында оқу ордасының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен түрлі деңгейдегі додаларда озық шыққан оқушылар ерекше құрметке ие болды.

Аида Зиминова, зияткерлік жарыс жүлдегері:

«Мен бұл марапатты облыстық ғылыми жобалар байқауының “қолданбалы математика” бағыты бойынша екінші орын иеленгенім үшін алдым. Бұл марапат мен үшін өте ыстық. Мұны лицейдің өз оқушыларына деген ерекше махаббаты мен құрметінің белгісі деп білемін. Оқу ордамызда жыл сайын үлкен ізденіспен терең еңбек еткен, жұмыс жасаған әрбір оқушыны осылай елеп-ескеріп отырады. Меніңше, бұл бізді алға жетелейтін керемет мотивация».

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен және лицей тарихынан сыр шертетін арнайы көрмемен қорытындыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, №3 «Білім-инновация» лицейі алдағы онжылдықтарда да ел үмітін ақтайтын білімді де тәрбиелі қыздарды ұшыра береді.

Оқи отырыңыз...

ЖАСТАРҒА ТҮСІНДІРДІ

ҮЕҰ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ФАСИЛИТАЦИЯ ФОРМАТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

«РЫБНИК» ТҰРҒЫНДАРЫ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ТАРИФІНЕ НАРАЗЫ