Жаңалықтар

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ АТЫРАУҒА КЕЛДІ (видео)

Мұнайлы өңірге іс-сапармен ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин келді.

Ол алдымен «Атырау бекіре балығын өсіру зауытына» табан тіреді. Мекеме ашылғалы бері 21 жылда Жайық-Каспий бассейініне 90 млнға жуық шабақ жіберген. Одан кейін Асқар Мамин 6 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Caspian Royal Fish» ЖШС-іне де барды. Зауыт өткен жылы 12 жарым мың тонна тауарлы бекіре балығын өсіріп-өңдеп, 620 келі тағамды уылдырық өндіріпті. Негізінен кәсіпорын 100 тонна балық, 1 тоннаға уылдырыққа дейін шығара алады. Үкімет басшысы Амангелді атындағы балық өңдеу цехының жұмысымен де танысты. Зауыт өз өнімдерін Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан, Франция, Болгария, Германия елдеріне экспорттап отыр.

«Каспий плюс», «International Pipeline Structure Solutions Caspian», «Caspian Contractors Trust Atyrau» мекемелері де «Премьер-министр келеді» деп барынша дайындалыпты. Басшылары мекемелерінің тынысы туралы айтып, жетістіктерін де мүдірместен тізбелеп берді. Бұдан кейін елордалық қонақтар балық өнеркәсібін дамыту мәселесі бойынша жиын өткізді. Бірақ оған БАҚ өкілдері қатыстырылмағандықтан, нақты нендей мәселелердің көтерілгендігі белгісіз. Өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естімегенмен, кейін жауапты қызметкерлер жиыннан жылт-жылт еткізіп мәлімет ұсынды. Жалаң ақпаратқа қарағанда, отандық балық жəне балық өнімдері нарығы қазіргі 66 мыңнан 120 мың тоннаға дейін, яғни екі есе артуы мүмкін. Бұл туралы Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі хабарлаған. Және ол РФ секілді түнгі уақытта балық аулауға рұқсат беру, сондай-ақ, балықшылар «Ақжайық» табиғи резерватынан өту кезінде төлейтін ақыны алып тастау жағын қарастыру керектігін де айтқан.

ДЖ,АЖ «КН»

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *