Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ТАРИХИ ӘДІЛДІК ОРНАДЫ: АЙМАҚ БАСШЫСЫ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТІҢ ОТБАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Caspian News, 20 мамыр. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Ұлы Отан соғысының ардагері, жақында ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Халық қаһарманы» атағы берілген Кенжебай Мәденовтің отбасымен арнайы кездесті.

Салтанатты басқосуға батырдың ұлы Махамбет Мәденов, немересі Батырбек Мәденов, келіні Шолпан Жанұзақова қатысты. Сондай-ақ шараға өңірдегі ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері, майдангердің өшпес ерлігін мұрағаттардан іздеп, насихаттауға зор үлес қосқан тарихшылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері жиналды.

«Батырдың есімі ешқашан ұмытылмайды»

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Кенжебай Мәденовке бұл жоғары атақтың берілуі тек Атырау өңірі үшін ғана емес, тұтас ел шежіресіндегі айтулы әрі тарихи оқиға екенін атап өтті. Президенттің бұл шешімі жылдар бойы күткен әділдіктің салтанат құруы екенін тілге тиек етті.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

«Батырларымыздың есімі ешқашан ұмытылмайтынын, уақыт өз еншісін алғанда тарихи әділдік пен шындықтың міндетті түрде орнайтынын біз жақсы білеміз. Қанша уақыт өтсе де, батырдың артынан ерген саналы ұрпағы, ардақтайтын елі бар. Сондықтан да тарихи әділдік орнады. Біз бұл үлкен сүйінші хабарды көрші Қытай елінде ресми іссапармен жүріп естіп, ерекше қуанышпен, зор мақтаныш сезімімен қабылдадық».

Батыр ұрпағының көз жасы мен ризашылығы

Кездесу барысында сөз алған батырдың ұлы Махамбет Мәденов отбасы атынан ел Президентіне және майдангердің еңбегін ескерусіз қалдырмаған облыс басшылығына, барша тарихшылар қауымына терең ризашылығын білдірді.

Махамбет Мәденов, «Халық қаһарманы» К. Мәденовтің ұлы:

«Бұл хабарды естігенде толқығанымнан көзімнен жас шығып, қатты қуандым. Әкеміздің майдандағы ерлігін дәлелдейтін мұрағат құжаттарына сүйеніп, осындай тарихи Жарлыққа қол қойған Президентімізге алғысым шексіз. Әділдіктің орнағанына, әкеміздің рухының осылай ұлықталғанына отбасымыз өте риза».

Ерлікті паш еткен азаматтарға құрмет

Майдангер Кенжебай Мәденовтің ерен ерлігін мұрағаттардан қопарып, оның мемлекеттік деңгейде танылуына, құжаттардың заңды түрде дәлелденуіне зор еңбек сіңірген бірқатар тарихшылар, зерттеушілер мен белсенді азаматтар назардан тыс қалмады. Жиын соңында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов осы игі іске атсалысқан тұлғаларға өзінің арнайы Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.

Бұл кездесу қаһарман рухына тағзым етудің және өлке тарихындағы ақтаңдақтарды жойып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.

Оқи отырыңыз...

АНАЛАР ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРДІ ҰЛЫҚТАДЫ

ҚАЗАҚСТАН 2040 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ ӨНДІРІСІН ЕКІ ЕСЕГЕ ҰЛҒАЙТПАҚ

«ТҮРЛІ-ТҮСТІ» БИЗНЕС