Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МУЗЕЙ ТҮНІ: АТЫРАУДА АУҚЫМДЫ МӘДЕНИ КЕШ ӨТТІ

Caspian News, 20 мамыр. Халықаралық музейлер күніне орай, Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде дәстүрлі ауқымды мәдени-танымдық кеш ұйымдастырылды. Заманауи өнер мен ата-бабамыздан қалған ұлттық дәстүрді шебер ұштастырған бұл шарада арнайы фотозоналар, көрмелер мен қолөнер алаңдары жұмыс істеді. Келушілер сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен және бірегей көркем композициялармен жақыннан танысты.

Мерекелік бағдарлама аясында өңірге танымал әншілер, домбырашылар күй төгіп, этно-топтар мен аспаптық ансамбльдер өнер көрсетті. Сондай-ақ ел көлемінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында балаларға арналған арнайы эко-аймақ құрылды. Мұнда жас қатысушылар қайта өңделетін материалдардан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап, экологиялық мәдениетті меңгерді.

«Биылғы шара бұрынғыдан да әсерлі»

Музей басшылығы бұл шараның мазмұны жыл санап байып, халыққа ұсынар танымдық дүниелерінің салмағы артып келе жатқанын алға тартты.

Махамбет Даулбаев, Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі директорының орынбасары:

«Шараның басты мақсаты — музей қызметін кеңінен насихаттау, сонымен қатар төл мәдениетіміз бен өнерімізді сақтау болып табылады. Қолөнершілеріміз бен бейнелеу өнері шеберлерінің маңдай тер, адал еңбектерін халыққа паш еткіміз келеді. Осындай көрмелер арқылы олардың қызметін ел көріп, танып, әрі қарай ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына септігін тигізеді. Биылғы жылы бағдарламаны бұрынғы жылдардағыдан да ерекше әрі өте әсерлі қылып өткізуге барымызды салып жұмыстандық».

Ашық аспан астындағы кино және интеллектуалдық QUEST

Күн батып, кеш түсе музейдің ішкі сыртқы кеңістігі нағыз «Музей түні» алаңына айналды. Шараның екінші бөлімінде жиналған қауым үшін ашық аспан астында арнайы кино көрсетілімі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, белсенді жастар мен қала тұрғындары тарихи әрі логикалық тапсырмаларға негізделген «Тарих ізімен» атты интеллектуалдық QUEST (квест) ойынына қатысып, өзара бақ сынасты.

Индира Жанатбергенқызы, Атырау қаласының тұрғыны:

«Музейдің іші өте керемет жабдықталған, мұнда түрлі шеберлік сағаттары (мастер-кластар) қатар жүріп жатыр. Отбасымызбен келдік, бізге өте қатты ұнады. Біз бұл шараға жылда қатысуды үрдіске айналдырғанбыз. Биыл өзіммен бірге өнер мектебінің дарынды оқушыларын да ала келдім, олар үшін бұл үлкен шабыт мекені болды».

Кеш барысында музейге келушілердің ерекше қызығушылығын тудырған өзге де ерекше алаңдар болды. Олар:

  • «Жанданған картиналар» интерактивті алаңы;

  • Көздің жауын алатын Каллиграфия өнерінің көрмесі;

  • Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін паш еткен, ұлттық киім киген арулардың салтанатты шеруі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық аспан астындағы мұндай мәдени кештер аймақтағы өнер жанашырларының басын қосып, ұлттық мұраның жаңа заман талабына сай дәріптелуіне зор ықпал етпек.

Оқи отырыңыз...

ӨСКЕМЕНДЕГІ ЖАРЫЛЫС: ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ ТЕРГЕУДІҢ АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕРІН ЖАРИЯЛАДЫ

ОКОЛО 170 ТОНН МУСОРА ВЫВЕЗЕНО В РАМКАХ ЭКОАКЦИИ В АКТАУ

Аққулардың жаппай қырылуына қонақ үйдің қатысы болуы мүмкін