Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарБасты ақпаратЖаңалықтарМаңғыстау жаңалықтары

МАҢҒЫСТАУДА ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ САРАЙЫ ОПЫРЫЛЫП ТҮСІП, 10 АДАМ ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Caspian News, 18 мамыр. Маңғыстау облысында төтенше жағдай орын алып, жеке тұрғын үйдің шаруашылық сарайының едені опырылып кетті. Салдарынан іште жүрген 10 адам бірден жертөлеге құлаған. Қолайсыз оқиға Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылында болды.

Екі адам ауруханаға жатқызылды, біреуіне ота жасалды

Оқыс оқиғадан кейін қатты соққы алып, түрлі деңгейде жарақаттанған 9 тұрғын шұғыл түрде облыстық көпбейінді аурухананың жедел жәрдем бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің мұқият тексерісінен кейін 7 адамға алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді.

Ал алған жарақаттары ауыр болған екі тұрғын ауруханаға жатқызылды. Оның біріне дәрігерлер шұғыл түрде хирургиялық ота жасауға мәжбүр болған.

Бекес Нұрмұханов, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

«Қазіргі таңда ауруханада екі науқас ем қабылдауда. Нақтырақ айтсақ, бір науқасымыз жабық бас-ми жарақаты және бас миының шайқалуы диагнозымен жатыр. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Ал екінші науқасымыз омыртқаның жабық жарақатымен, дәлірек айтқанда, 12-ші кеуде омыртқасының сынығымен келіп түсті. Оған келесі күні жедел түрде операция жасалды. Қазір оның да жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылып, толыққанды емін алып жатыр».

Емдеу және оңалту жоспары

Дәрігерлердің берген мәліметінше, бас миы шайқалған науқас жағдайы бақылана отырып, тағы 4–5 күн ауруханада болады. Ал омыртқасына күрделі ота жасалған пациент емхана қабырғасында 10-12 күн өткізгеннен кейін, екі апталық арнайы оңалту емінен өтуге жіберіледі.

Тергеу амалдары басталды

Дәл қазір бұл оқиғаға байланысты уәкілетті мемлекеттік органдар арнайы тексеру жұмыстарын бастап кетті. Мамандар құрылыс нысаны еденінің не себепті опырылып түскенін және бұл ғимараттың құрылыс кезіндегі қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай болғанын анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат жарияланады.

Оқи отырыңыз...

АТЫРАУДА КӘСІПКЕР ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША ТРЕНИНГ ӨТТІ

Атырауда 222 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды