Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарСпорт жаңалықтары

«МАҚАТ» ФУТЗАЛ КОМАНДАСЫ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕСІН ИЕЛЕНДІ

Caspian News, 15 мамыр. Футзалдан Қазақстан чемпионатының бірінші лигасы мәресіне жетіп, Мақат ауданының намысын қорғаған аяқдопшылар үздік үштіктен көрінді. Астана қаласында өткен шешуші кезеңде мақаттықтар жоғары дайындық пен жеңіске деген жігерлігін танытты.

Финалдық кезең: «Қайратты» қапы қалдырды

Биылғы біріншілік ерекше форматта өтті: маусым Таразда басталып, Хромтау мен Көкшетауда жалғасын тапты. Ақтық сында «Мақат» клубы жартылай финалда Көкшетаудың «Елім-ай» командасына жол бергенімен, үшінші орын үшін өткен тартысты матчта Алматының «Қайрат» футзал клубын 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Бұл жеңіс командаға чемпионаттың қола жүлдесін сыйлады. Сонымен қатар, команданың қақпашысы Алтынбек Қосекен турнирдің «Үздік қақпашысы» номинациясын иеленді.

Жоғары лигаға жолдама ма?

Команда бапкері Әнуар Теңдібайдың айтуынша, аудан спортшыларының бұл жетістігі Қазақстан футбол федерациясының назарына іліккен. Қазіргі таңда командаға Жоғары лигада өнер көрсету туралы ұсыныстар түсіп жатыр.

Әнуар Теңдібай, «Мақат» футзал командасының бапкері:

«Біз Атырау облысынан қатысқан жалғыз аудандық команда болдық. Алдағы жоспарымыз — Жоғары лигада ойнау. Қазір облыс намысын тек “Атырау” клубы қорғап жүр, егер демеуші табылса, Мақаттың балалары Жоғары лигада өнер көрсететін екінші команда болуы мүмкін. Біздің басты үмітіміз де — ауыл балаларын үлкен ареналардан көру».

Болашақ жоспарлар

Егер қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапса, «Мақат» футзал клубы келесі маусымда Қазақстанның ең мықты ұжымдарымен бақ сынаспақ. Бұл аудан спортының дамуына ғана емес, жергілікті жастардың кәсіби деңгейде өсуіне де зор мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі мен спорт жанкүйерлері команданың бұл жетістігін үлкен мақтанышпен қабылдап, болашақта Жоғары лигадан көрінетініне сенім білдіруде.

Оқи отырыңыз...

6 МЫҢ АДАМНАН СЫНАМА АЛАДЫ

АТЫРАУДА КОФЕ СТАҚАНДАРЫ АРҚЫЛЫ ІШКІ ТУРИЗМ НАСИХАТТАЛМАҚ

Канадалық компаниялар Маңғыстауда екі зауыт салады — инвестиция көлемі $200 млн