Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

КӨКТЕМ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖАЗ БАСТАЛМАЙ ЖАТЫП СУ АЗАБЫН ТАРТУДА

Caspian News, 20 мамыр. «Айналадағы ықшам ауданның бәрінде су тоқтаусыз ағып тұр. Ал біз күн жылыған сәттен бастап тіршілік нәрінен тарығамыз». Бұл — Атырау қаласының іргесіндегі Көктем ықшам ауданы тұрғындарының жанайқайы. Соңғы 5 жылдан бері жаз айларында суға жарымай келе жатқан жұрт биыл да кір жумақ түгілі, өздерінің жуынып-шайынуы қиындағанын айтып налиды.

Тұрғындардың сөзінше, әсіресе кешкі сағат 19:00 мен 23:00 аралығында краннан су мүлдем ақпай, тек тамшылап қана тұрады. Осы себепті халық 5 литрлік бөтелкелерге су жинап, күн көруге мәжбүр.

Тұрғындар жанайқайы: «Қол жууға зармыз»

Ықшам аудан жұрты күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді өтеудің өзі мұңға айналғанын жеткізді. Көршілес аудандарда су зуылдап ағып тұрғанда, Көктемдегі жағдай мүлдем бөлек.

Рабиға Исмагулова, Көктем ықшам ауданының тұрғыны:

«Кешке қарай сағат 5-тен бастап тіпті қол жуатын су болмайды. Балалар сабаққа, үлкендер жұмысқа баруы керек, бәрі де жуынып-шайынуы қажет. Ыдыс-аяқ, кір жумақ түгілі, қолымызды жууға зар болып отырмыз».

Ақтолқын Мукушева, Көктем ықшам ауданының тұрғыны:

«Сенбі-жексенбі күндері су мүлдем болмайды деуге болады. Таңертең тек 1-2 сағат қана өте жай, сырылдап немесе тамшылап ағуы мүмкін. Жұлдыз, Ақсай ықшам аудандарына барсам, бәрінің үйінде су зуылдап тұр. Ал Көктемге келгенде ешкімде су жоқ. Кейбір үйлерде ғана қысым (напор) бар, өйткені олар үйлеріне арнайы су сорғысын (насос) орнатып алған».

«Су Арнасы»: Тапшылық қолдан жасалып отырған жоқ

Көктем ықшам ауданы көршілес аумақтар секілді бір негізгі құбырдан су алады. «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесінің өкілдері бұл мәселе тек Көктемге емес, Ақсай-1, Ақсай-2, Ақжар, Еркінқала және Дамбы сияқты барлық маңайдағы елді мекендерге ортақ екенін айтады. Алайда, тұрғындар бұл уәжбен келіспейді. Мекеме басшылығының орынбасары Ғасыржан Лекеров су тапшылығының туындауына тұрғындардың өздері де себепші деп есептейді. Оның айтуынша, күн ысығанда халық ауызсуды бау-бақша суаруға жұмсайды және үйлеріне заңсыз су сорғыларын қондырып, желідегі қысымды төмендетіп жібереді.

Ғасыржан Лекеров, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК директорының орынбасары:

«Бұл жаққа су қаладан келеді. „Новостройка“ мен Атырау — Индер тасжолының қиылысында біздің арнайы сорғы станциямыз бар. Соның ішінде қысымды былтырғы деңгейде, яғни 4-4 атмосфералық қысыммен толықтай беріп отырмыз».

Жазғы су құбыры неге тартылмайды?

Жер үйде тұратын халық күн жылынса бау-бақша егіп, көкөніс өсіргісі келеді. Бірақ ықшам ауданда арнайы жазғы (техникалық) су құбыры жоқ. 2022 жылы тек бір ғана көшеге жазғы су желісі жүргізілген. Биыл әкімдік тағы бір шақырымға жоба дайындағанымен, қалған аумаққа жақын арада құбыр салу жоспарда жоқ. Шенеуніктер қазіргі уақытта жазғы су желісін тартуды бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау деп санайды.

Абай Орынұлы, Қайыршақты ауылдық округі әкімінің орынбасары:

«Қазіргі уақытта қалалық құрылыс бөлімі бұл жерге кәріз желісінің жобасын жасақтап жатыр. Кәріз желісі толық жүргізілгеннен кейін ғана жазғы су құбырын тартуды жоспарлап отырмыз. Себебі көшелердің тарлығына байланысты техникалық қиындықтар туындайды. Сондықтан дәл қазір бюджет қаражатын жазғы су құбырына жұмсау тиімсіз деп таптық».

Мәселенің шешімі — 17 миллиард теңге

Мамандардың айтуынша, бұл түйткілді түбегейлі шешудің бір ғана жолы бар. Ол — Талқайраң ауылынан тәулігіне 30 мың текше метр су тазалайтын жаңа станция салу. Алайда, бұл ауқымды жобаға шамамен 17 миллиард теңгеге жуық орасан зор қаражат қажет.

Қазіргі таңда аталған жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін мемлекеттік сараптаманың қарауында болады. Егер оң қорытынды берілсе, республикалық бюджеттен қаржы сұралады. Дегенмен, 17 млрд теңгенің ауқымды құрылысы бір жылда бітпейтіні анық. Шенеуніктер де құрылыстың нақты қашан аяқталатынын дөп басып айта алмай отыр.

Атыраудағы су тұтыну көрсеткіші:

  • Қазіргі уақытта қала бойынша 4 су станциясы жұмыс істеп тұр.

  • Қыс мезгілінде атыраулықтар тәулігіне 70 мың текше метр су тұтынады.

  • Жазғы аптап ыстықта бұл көрсеткіш екі есеге артып, тәулігіне 130-140 мың текше метрге жетеді. Желілердің мұндай жүктемені көтере алмауы жыл сайынғы тапшылыққа әкеліп соғуда.

Оқи отырыңыз...

Жайық өзені жағасынан қосжақтаулы ұлулар табылды

АТЫРАУДА 300 БАЛАҒА АРНАЛҒАН ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫ ӨТТІ

ЕМТИХАН ТАПСЫРЫЛМАЙДЫ