Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ИСАТАЙДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БӘЙГЕДЕ 64 ТҰЛПАР БӘСЕКЕГЕ ТҮСТІ

Caspian News, 18 мамыр. Исатай ауданында айбынды батыр Исатай Тайманұлының 235 жылдық мерейтойына орай республикалық ат бәйгесі өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен және облыстық бәйге федерациясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің батыс өңірлерінен ең жүйрік тұлпарлар жиналды.

Төрт облыстың жүйріктері бас қосты

Дүбірлі жарысқа Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан жалпы саны 64 тұлпар әкелінді. Ат спортының көрігін қыздырған дода төрт санат бойынша өтті:

  • Тай жарыс;

  • Құнан бәйге;

  • Топ бәйге;

  • Аламан бәйге.

Мерейтойлық шараның жалпы жүлде қоры 8 миллион 400 мың теңгені құрады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлықтар мен арнайы кубоктар табыс етілді.

Зулбұхар Сүйнешов, Исатай ауданының Құрметті азаматы:

«Осыдан 35 жыл бұрын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Исатай бабамыздың 200 жылдығын өткізуге атсалысқан едім. Ол кезді бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Бүгін еліміз дамыған, халықтың әл-ауқаты артқан. Бүгінгі шарадан тек ат шабысын ғына емес, жұртшылықтың жүзіндегі шынайы қуанышты көріп, төбем көкке жеткендей болды».

Болашақ атбегі: Жас шабандоздың мақсаты

Бәйгеде шеберлігімен көзге түскен жас шабандоздар да көрерменнің ықыласына бөленді. Олардың арасында тәжірибелі жас спортшылар да бар.

Ақжүрек Әділханұлы, жас шабандоз:

«Мен бұл спортта 2023 жылдан бері шауып келе жатырмын. Бұған дейін де бірнеше жарыста жүлде алдым. Менің атым негізі айналымнан қашатын еді, бірақ бұл жолы өте жақсы шауып шықты. Ат спортына мені әкем мен ағам баулыды. Өзімнің де тай-құнандарым бар. Болашақта шабандоздық карьерамды аяқтаған соң, сәйгүлік баптайтын кәсіби атбегі болғым келеді».

Ұлттық дәстүр мен мәдениет мейрамы

Дүбірлі бәйге тек ат шабысымен шектелген жоқ. Көрермендер мен қонақтар үшін ауқымды мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылды:

  • Спорттық сайыстар: Тұрғындар қазақ күресі, гір тасын көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық ойндарда бақ сынасты.

  • Этноауыл: Ауданға қарасты ауылдық округтер бәйге алаңының маңына сәулетті киіз үйлер тігіп, қонақтарға қазақы қонақжайлылық көрсетті.

  • Кәсіпкерлік: Келген жұртшылық үшін арнайы мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды.

Батыр рухына тағзым етіп, ұлттық спортты ұлықтаған бұл шара Исатай ауданының тарихындағы елеулі оқиғалардың біріне айналды.

Оқи отырыңыз...

ЖИТЕЛИ АКТОБЕ ЗАМЕРЗАЮТ В СВОИХ КВАРТИРАХ БЕЗ ОТОПЛЕНИЯ

Президент болуға қанша адам үміткер?

КАСПИЙ МАҢЫ ЕЛДЕРІНІҢ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ МЕН ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ XXVII БАС АССАМБЛЕЯСЫ ӨТТІ