Caspian News, 18 мамыр. Атырауда әйелдер қауымының заманауи дағдыларын дамытуға және құқықтарын қорғауға бағытталған «Digital Ai-El» жобасы аясында оқыту семинары ұйымдастырылды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бастамасымен өткен бұл шарада тұрмыстық, цифрлық және қаржылық қауіпсіздік мәселелері кеңінен сөз болды.
Жобаның өзектілігі: Қиын жағдайда заңдық көмек
Семинар барысында білікті мамандар әйелдерге неке және отбасы заңнамасын, интернет алаяқтықтан сақтану жолдарын және тұрмыстық құқықтық мәселелерді түсіндірді. Әсіресе, қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік проблемаларға баса назар аударылды.
Гүлсім Қалисова, заңгер:
«Қазіргі таңда әйел адамдардың түрлі қиын жағдайларға тап болып жататынын көріп жүрміз. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкинг (артынан аңду, мазалау) сияқты жайттар аз емес. Көптеген әйелдер неке және отбасы туралы жалпылама білгенімен, өз құқықтарын заң жүзінде қалай қорғау керектігінен хабарсыз. Басына іс түскенде қайда жүгінерін білмей қалатындар көп. Сондықтан мұндай құқықтық мағлұмат беретін қолдау шаралары жиі өткізілуі тиіс».
Қаржылық сауат — несие шиеленісінен сақтану жолы
Шараның тағы бір маңызды бағыты — қаржылық сауаттылық болды. Бүгінде ойланбай несие рәсімдеп, артынан үлкен шығынға бататын азаматтардың көбейгені айтылды.
Айгүл Баямирова, семинарға қатысушы:
«Бұл семинардың әсіресе жастар үшін үлгі аларлық тұстары көп болды. Қазіргі уақытта кез келген затқа бола жеңілтекпен несие алып, соңында үйінен немесе басқа да мүлкінен айырылып жатқан азаматтар өте көп. Осы орайда бізге қарыз жүктемесі мен қаржылық тәуекелдер туралы өте жақсы мағлұмат берілді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз».
Шектеусіз ашық алаң
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, семинар туралы хабарландыру әлеуметтік желілерде ашық жарияланып, қатысуға ниет білдірген ешбір әйелге шектеу қойылмаған.
Жиын барысында үш кәсіби спикер өз тәжірибелерімен бөлісті. Шараға 35-ке жуық әйел қатысып, цифрлық қауіпсіздік, банк операцияларының құпиялылығы және заңдық құқықтар төңірегіндегі көкейкесті сауалдарына тұщымды жауап алды. Желілік алаяқтық белең алған заманда бұл жоба әйелдердің киберсауаттылығын арттыруға да үлкен үлес қоспақ.
