Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ЖЫЛЫОЙДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ: 1000-ҒА ЖУЫҚ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Caspian News, 13 мамыр. Жылыой ауданында жергілікті әкімдіктің қолдауымен және аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға Теңіз кен орнында қызмет ететін ірі мердігер мекемелер мен аудандық 20-ға жуық ұйым қатысып, жұмыссыз азаматтарға түрлі бос лауазымдар ұсынды.

Мансап орталығының көрсеткіштері

Жыл басынан бері аудандық Мансап орталығына 4000-нан астам адам көмек сұрап жүгінген. Орталық директоры Ақылбек Едігеевтің айтуынша, қазіргі таңда ауданда 3000-нан астам ресми жұмыссыз тіркелген.

Жыл басынан бергі атқарылған жұмыс нәтижесі:

  • 1000-ға жуық адам жұмысқа орналастырылды;

  • Оның ішінде 700-ден астамы тұрақты жұмыс тапты;

  • Қалғандары уақытша жұмыс орындары мен «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына бағытталды.

Ақылбек Едігеев, Жылыой аудандық Мансап орталығының директоры:

«Басты мақсатымыз — жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру. Әсіресе жұмыссыз жүрген жастарымызды мемлекеттік бағдарламалар арқылы алғашқы еңбек жолын бастауға ынталандырып жатырмыз. Жәрмеңке арқылы жұмысқа орналасу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда едәуір жақсарды».

Тұрғындардың мұңы: Зейнет алдындағы жас кедергі ме?

Жәрмеңкеге келушілердің арасында жастармен қатар, тәжірибелі мамандар да жеткілікті. Солардың бірі — 30 жылдық еңбек өтілі бар Серік Темеденов. Өткен жылы жұмысынан қысқартылған азамат қазіргі таңда зейнет жасына таяп қалғандықтан, жұмыс табудың қиындап кеткенін айтады.

Серік Темеденов, аудан тұрғыны:

«Бірнеше мекемеге түйіндемемді тапсырдым. Кейбір жергілікті мекемелер “зейнетке шығуыңызға жыл жарым уақыт қалыпты, ала алмаймыз” деп бас тартты. Екі ортада қалғандай күйдемін. Енді осы жәрмеңкедегі Теңіз бағытындағы компаниялардан үміт күтемін».

Болашақ жоспар

Мансап орталығы мамандарының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Бұл жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланысты нығайтып, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Жәрмеңке соңында бірнеше үміткер алдын ала іріктеуден өтіп, сұхбатқа шақырту алды.

Оқи отырыңыз...

ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ БҰРЫНҒЫ ҰҚК БАСШЫСЫ ҚАМЧЫБЕК ТАШИЕВТІҢ ІСІ СОТҚА ЖОЛДАНДЫ

В Атырау началась осенняя путина – рыбакам разрешили промысел кутума

ТҰРҒЫНДАР ЖАНАЙҚАЙЫ (ВИДЕО)