Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыЖаңалықтарЭкология

АҚТӨБЕДЕ ОҚУШЫЛАР ТАБИҒАТҚА ҚАМҚОРЛЫҚТЫ ІСПЕН ДӘЛЕЛДЕДІ

Caspian News, 14 мамыр. Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Шараға 100-ге жуық оқушы мен ұстаздар қауымы қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.

Табиғатқа жанашырлық — жас ұрпақ міндеті

Акцияның басты мақсаты — жастардың бойында экологиялық жауапкершілік пен табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Оқушылар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, құстарға қамқорлық көрсетудің үлгісін көрсетті.

Алтынай Махамбетова, №8 орта мектеп оқушысы:

«Табиғаттың ластануын көру мен үшін өте ауыр. Адамдардың қоршаған ортаға қиянат жасауы әділетсіздік деп санаймын. Табиғат бізге барлық жақсылықты беріп жатқанда, біз оған тек қамқорлықпен жауап беруіміз керек».

Құс ұялары мен 1000 түп раушан гүлі

Экологиялық шара барысында оқушылар ата-аналарымен бірге қолдан жасаған құс ұяларын мектеп ауласындағы ағаштарға орнатты. Сонымен қатар, мектеп айналасын көгалдандыру жұмыстарына да белсенді атсалысты.

Аркен Мұхамбетәзиев, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

«“Таза Қазақстан” акциясы бізде тұрақты түрде жүріп жатыр. Жақында ғана мектебімізді абаттандыру мақсатында 1000 түп раушан гүлін отырғыздық. Сенбіліктер мен ағаш егу жұмыстары балаларды еңбекке баулып, туған жерге деген құрметін арттырады».

Жас натуралистермен серіктестік

Мектептегі экологиялық тәрбие тек сенбіліктермен шектелмейді. Білім ордасы Жас натуралистер стансасымен тығыз байланыс орнатқан. Екіжақты меморандум аясында 1400-ге жуық оқушы стансаға барып, өсімдіктер мен жануарлар әлемін ғылыми тұрғыдан зерттеп, табиғат құпияларымен танысуға мүмкіндік алып отыр.

Мұндай бастамалар балалардың экологиялық мәдениетін жоғарылатып, болашақта қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын саналы азамат болып өсуіне негіз болады.

Оқи отырыңыз...

ЗАҢСЫЗ БІЛІМ АЛҒЫЗҒАН

59 АДАМҒА ЖЕТТІ

Жыл соңына дейін АМӨЗ бюджетке 154,7 млрд теңге төлейді