Басты ақпаратЖаңалықтар

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА 100-ге ЖУЫҚ АДАМ АҒЗА АУЫСТЫРУ ҮШІН КЕЗЕКТЕ ТҰР

Нұрлан Қапажанов екі жылдан бері бүйрек ауруымен күресіп келеді. Үш рет ота жасатқан. Бірақ операциядан нәтиже болмай, гемодиализ орталығына келіп жүр. Мұнда ол аптасына үш рет бүйректің қызметін атқаратын аппаратқа жатады. Бірақ 5 қыз өсіріп отырған отағасы ақылды аппаратқа байланып қалмай, бүйрегін ауыстырғысы келеді. Сол үшін арнайы кезекке де тұрған.

Қазіргі кезде Атырау облысында 96 адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Оның 84-і бүйректі, қалғаны өкпе мен жүректі ауыстыру үшін кезекте тұр. Бірақ олардың кезегі бүгін-ертең келеді деп айту қиын. Өйткені донор табыла қоймайды. Оның үстіне Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымаған. Жалпы 2009 жылдан бері Қазақстанда мәйіт донорлығына ресми түрде рұқсат етіліп, «келісім презумпциясы» бекітілген. Яғни, адам тірі кезінде келісім беретінін рәсімдемесе, қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер оның ағзалары мен тіндерін транспланттау мақсатында ала алады. Бірақ бұл қайтыс болған адамдардың барлығы донор болады деген сөз емес. Ол үшін марқұмның ішкі органдарының бәрі сау тек миы өлген жағдайда ғана туыстарының рұқсатымен алынады.

Және бұл жерде діни наным-сенімнің де ықпалы болатыны жасырын емес. Дегенмен мешіт қызметкерлері өзге адамның өміріне араша түсу – исламда сауапты амал саналатындығын айтады.

Өкінішке қарай, орташа алғанда жыл сайын әр түрлі себепке байланысты 300-ге жуық реципиент күту парағынан шығарылады. Олардың арасында донор күтемін деп демі үзіліп кеткендер де бар. Ал қалтасы көтеретіні шетелге барып ота жасатып жатыр. Көп жағдайда олар Беларусь еліне барады. Қазіргі заңнама бойынша адам тірі кезінде донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндетті. Көп жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады. Жақында денсаулық сақтау министрі осы заңға өзгеріс енуі мүмкін екенін айтып қалған еді. Қазір ұсыныстар жиналып жатыр. Яғни, кәмелетке толған әр азамат электронды регистрге өзінің ағзасын өлгеннен кейін басқа мұқтаж адамға беру мәселесі бойынша пайымын жазып кете алады. Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам ел азаматы осы регистрде ойын білдіріпті. Соның 15 пайызы қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын басқаның өмірін сақтау үшін беруге келісетінін айтқан. Бұл туралы жуықта Мәжілісте өткен жиын кезінде денсаулықсақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

 

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *