Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарҚұқық және заң

АТЫРАУДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» АТТЫ АУҚЫМДЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ: ЖАСТАРҒА ВЕЛОСИПЕДТЕР СЫЙЛАНДЫ

Caspian News, 19 мамыр. Атырау қаласында қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылау және жастардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында үлкен жиын ұйымдастырылды. Елдегі «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында өткен ауқымды форумға 2 мыңға жуық студент, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Шараның шымылдығы Ішкі істер министрлігінің Арнайы жедел әрекет ету жасағы (СОБР) сарбаздарының қатысушыларды ерекше әсерге бөлеген арнайы қойылымымен (спектаклімен) түрілді.

Жастарды қылмыстан сақтандыру — басты міндет

Форум аясында жастар үшін ең өзекті бағыттар, соның ішінде цифрлық қауіпсіздік, есірткіге қарсы күрес, құқықтық сауаттылық және жол қауіпсіздігі бойынша арнайы секциялық алаңдар жұмыс істеді.

Мейірім Ердәулет, Атырау облысы ПД ресми өкілі:

«Форумның басты мақсаты — жастарды құқық бұзушылықтардан сақтау, оқыс оқиғалар мен неше түрлі қылмыстардың алдын алу болып табылады. Бұл — ауқымды халықтық профилактикалық форум. Жиында жастар арасындағы қылмыстар, жол-көлік оқиғалары, интернет-алаяқтық пен есірткі бизнесіне қатысты өзекті тақырыптар кеңінен көтеріліп, талқыланып жатыр».

«Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы

Форум аясында тек жастар мәселесі ғана емес, отбасылық құндылықтар мен тұрмыстық қауіпсіздік те назардан тыс қалмады. Іс-шара барысында ішкі істер органдарына қызметке шақыру жәрмеңкесі мен арнайы жасақ қызметінің көрмесі ұйымдастырылды.

Райса Айтжанова, Атырау облысы ПД ЖПҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі:

«Республика көлемінде 18 мамыр мен 8 маусым аралығында “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” атты ауқымды акция өтуде. Бұл шара жедел-профилактикалық іс-қимыл ретінде ұйымдастырылып отыр. Науқанның басты мақсаты — отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарда болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды болдырмау және олардың жолын кесу».

Интерактивті формат және бағалы сыйлықтар

Ұйымдастырушылар жастардың қызығушылығын арттыру үшін форумды заманауи интерактивті форматта өткізді. Келген қонақтар мен студенттер арнайы QR-кодтар арқылы құқықтық тақырыптағы жедел тест тапсырмаларын орындады.

Сұрақтарға мүдірмей дұрыс жауап беріп, заң саласынан хабары бар екенін дәлелдеген білімпаз жастарға велосипед сияқты бағалы сыйлықтар мен арнайы естелік кәдесыйлар табыс етілді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген белсенді жастар Атырау облысы Полиция департаменті басшылығының арнайы марапаттарына ие болды.

Оқи отырыңыз...

ҚҰРМАНҒАЗЫЛЫҚТАР ЖОЛ ТӨСЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ СЫЛБЫР ЖҮРІП ЖАТҚАНДЫҒЫНА ШАҒЫМ АЙТТЫ

Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа жетті

PETROHR-2024: АДАМ – ҚУАТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ