Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыБасты ақпаратЖаңалықтарҚылмыс

АТЫРАУДАҒЫ РЕЗОНАНСТЫ СОТ: СҰЛТАН СӘРСЕМАЛИЕВКЕ 13 БАП БОЙЫНША АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Caspian News, 18 мамыр. Атырау қаласында қоғамды дүр сілкіндірген, төрт адамның өліміне қатысты аты шулы резонансты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Сот залында ине шаншар жер жоқ: БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мен марқұмдардың жақындары залды лық толтырған. Алғашқы сот отырысы өте ауыр психологиялық жағдайда өтіп, қылмыстың жантүршігерлік мән-жайлары белгілі болды.

Жантүршігерлік айыптау актісі: Айуандықпен жасалған қылмыс

Сот залына күзетпен жеткізілген айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты істі судья жалғыз өзі қарап жатыр, себебі күдікті алқабилер сотынан бас тартты. Отырыс барысында судья айыпталушыға оның Конституциялық құқықтарын, атап айтқанда жауап беруден бас тарту немесе тергеумен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін түсіндірді. Істің «ауыр қылмыс» санатына жатуына байланысты, заң бойынша тараптардың татуласу келісімін жасасуға құқығы жоқ.

Сотта Атырау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Оған сәйкес, Сәрсемалиевке 13 бап бойынша ауыр айыптар тағылып отыр. Мемлекеттік айыптаушы күдіктінің жәбірленушілерді қалай айуандықпен, жантүршігерлік тәсілмен өлтіргенін егжей-тегжейлі баяндап берді.

Прокурор ашқан жаңа деректер бойынша, Сәрсемалиев қылмысты іске асырғаннан кейін із жасыру мақсатында марқұмдардың есепшоттарындағы ақшаны заңсыз иемденіп, елден қашып кеткен. Сондай-ақ, өзіне ешкім күмәнданбауы үшін сырт көзге «ештеңе болмағандай» кейіп танытып, қасына бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваны ертіп жүрген. Дегенмен, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде ол құрықталып, Атырауға жеткізілді. Сотта мәйіттерге жүргізілген сараптама қорытындылары да жария етілді.

Айыпталушының уәжі мен көз жасы

Сот талқылауы кезінде Сұлтан Сәрсемалиев тағылған айыптарды толықтай мойындап, қылмысқа баруының себебін отбасылық кекпен байланыстырды:

«Әйелімнің отбасы ортамызға түсіп, бізді ажырастырды. Соған қасақана қастандықпен жауап бердім», — деді ол.

Кінәсін мойындап, оқиғаны баяндағаннан кейін айыпталушы сот залында көз жасына ерік берді. Ол өзінің бұл қадамдары үшін заң жүзінде кез келген ең ауыр жазаға дайын екенін және сот үкімін толық қабылдайтынын жеткізді.

Жәбірленуші тараптың наразылығы: «Кешірім де сұрамады»

Алайда қаза тапқандардың туыстары айыпталушының бұл уәжін мүлдем теріске шығарып, отбасылық жанжалға Сәрсемалиевтің өзі кінәлі екенін мәлімдеді. Марқұмдардың жақындарының айтуынша, олар керісінше қыздарын (Ақбаянды) көрмек болып үйіне барғанда, күйеу балалары Сұлтан оларды үйге кіргізбей, кері қайтарған.

Қаза тапқан Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асила Мұқанғалиева Сәрсемалиевтер отбасының адамгершіліктен жұрдай әрекетін айтып, ашынды:

«Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің отбасы осы уақытқа дейін бізден, жәбірленуші тараптан кешірім сұрамады және ешқандай байланысқа шығуға тырысқан да жоқ. Біз үшін бұл трагедияның толық әрі объективті тергелуі ғана емес, соттың заң жүзінде ең әділ, ең қатал шешім шығаруы маңызды».

Қаралы отбасы соттан ешқандай бейтараптықсыз, заңның ең жоғарғы шегі бойынша лайықты үкім кесуді талап етіп отыр.

Процесс жалғасады

Бүгінгі алғашқы сот отырысында негізінен іспен танысу өтіп, айыптау актісі жарияланды. Осымен алғашқы тыңдау аяқталды. Сот келесі отырысты 28 мамырға жоспарлады. Резонансты істің дамуы мен сот талқылауының барысын алдағы материалдарымызда назарларыңызға ұсынатын боламыз. Жаңалықтарды бақылап отырыңыздар.

Оқи отырыңыз...

ОТКРОЕТСЯ ПРИРОДНЫЙ ПАРК

МАХАМБЕТТЕ «ТАЛШЫН» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫ «ӨКІНБЕ СЕН!» ҚОЙЫЛЫМЫН ҰСЫНДЫ

На тему дня — АУНиГ: Возможность для студентов