Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениет

МАХАМБЕТТЕ «ТАЛШЫН» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫ «ӨКІНБЕ СЕН!» ҚОЙЫЛЫМЫН ҰСЫНДЫ

Caspian News, 14 мамыр. Махамбет аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде ерекше жандардан құралған «Талшын» инклюзивті театрының «Өкінбе сен!» спектаклі өтті. «Biz de adambyz» қоғамдық қоры жанынан құрылған театр ұжымы бұл туынды арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқалмас ерік-жігерін паш етті.

Шынайы өмірден алынған сюжет

Қойылымның негізгі желісі ерекше қажеттілігі бар Батыр есімді кейіпкердің ішкі күйзелісі, тағдыр тәлкегіне қарсы тұруы және өмір үшін күресіне негізделген. Спектакльде бауырмалдық, адалдық пен қайсарлық сынды құндылықтар кеңінен насихатталды.

Гүлназ Қосмурзиева, «Biz de adambyz» ҚҚ жетекшісі:

«Бұл спектакль менің өз өмірімнен алынған. Тағдыр тауқыметіне түскен жандардың тарихы ұқсас келеді: кейде жалғыз қаласың, кейде сені тастап кетеді. Біздің айтпағымыз — ешқашан сынбау керек. Әрқашан тума-туыс пен достардың қолдауы маңызды. Біз осы қойылыммен өңірдің 7 ауданын аралауды жоспарлап отырмыз».

Рухани қолдаудың маңызы

Сахнада өнер көрсеткен актерлердің өзі де — тағдырдың сынағына мойымаған жандар. Олар өз образдары арқылы қоғамға ой тастап, ерекше жандарға қолдау көрсетудің маңыздылығын жеткізді.

Жасұлан Қабдолов, «Biz de adambyz» ҚҚ мүшесі:

«Адам арбаға таңылып қалғанда қатты стресс алады, мұндай сәтте жақындардың қолдауы ауадай қажет. Бүгінгі рөлім арқылы сол сезімді жеткізуге тырыстым. Қолдау болса, мүмкіндігі шектеулі жандардың да үлкен жетістіктерге жете алатынын көрсеткіміз келді».

Екі жылдық шығармашылық жол

«Талшын» инклюзивті театрының құрылғанына екі жыл болса да, қоржынында бірнеше мазмұнды туынды бар. Атап айтқанда:

  • «Әпке»;

  • «Күшік күйеу»;

  • «Бір түп алма ағашы».

Қойылым соңында Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев театр ұжымына шынайы ризашылығын білдіріп, қор жетекшісі Гүлназ Қосмурзиеваға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Театр ұжымы алдағы уақытта жаңа авторлық спектакльдерді сахналап, облыс көлеміндегі гастрольдік сапарларын жалғастыруды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз...

СНИЖЕНИЕ ТАРИФОВ

МАҢҒЫСТАУДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯҒА 400-ГЕ ЖУЫҚ ПЕДАГОГ ҚАТЫСУДА

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ