Жылыту маусымының басталуына байланысты атыраулық құтқарушылар үйді-үйді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіруге кірісті. Себебі, көп жағдайда өрттің болуына тұрғындардың қарапайым ережелерді сақтамауы себеп болады екен. Мысалы, биылғы жылдың басынан бері тіркелген 243 өрт оқиғасының көпшілігі жеке тұрғын үй секторында болыпты. Одан өзге 64 автокөліктің жанып кету дерегі де тіркелген. Жалпы, тілсіз жаудан облыста 12 адам қаза тауып, 10-ға жуығы түрлі жарақат алған. Келген шығын көлемі де аз емес: 24 миллион теңге.
Рашид БІЛӘЛОВ, Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-15 қыркүйектен бастап, рейдтік айлықтар өткізіліп жатыр. Үгіт-насихат, түсіндірме жұмыстары ретінде. Соған бүгінгі таңда авангард ықшам ауданында рейд жұмысын жүргізейін деп отырмыз. Авангард ықшам ауданынан бастаған себебіміз, осы соңғы айда ол жақтан 5 өрт тіркеліп отыр. Осы шараны алдағы жылыту маусым кездінде жалғастыратын боламыз.