Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

ҚАУІПСІЗДІК ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ: ЖЫЛЫОЙЛЫҚ ЖАС ЖОЛ ИНСПЕКТОРЛАРЫ АУДАНДЫҚ СЛЕТТЕ БАҚ СЫНАДЫ

Caspian News, 20 мамыр. Жылыой ауданында жасөспірімдер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін кеңінен насихаттау мақсатында жас жол инспекторларының ХХІ республикалық слетінің аудандық кезеңі өтті. Аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен өткен бұл шара №8 жалпы орта білім беретін мектеп базасында жалауын желбіретті.

Ауқымды байқауға аудан мектептерінің 7-8 сынып оқушыларынан құралған 16 команда, жалпы саны 91 оқушы қатысты. Жас инспекторлар жол қауіпсіздігі бағытында меңгерген білімдері мен тәжірибелік шеберліктерін қызықты да тартысты кезеңдер арқылы ортаға салды.

Басты мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар мектеп жасындағы балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, көшедегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер етеді.

Жазира Бауыржанқызы, Жылыой ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері:

«Бұл слетке білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беретін ұйымдардың 7-8-ші сынып оқушыларынан құралған 16 команда қатысып отыр. Сайыстың басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау және осы бағытта жол қауіпсіздігі ережелерін кеңінен насихаттау».

Жас инспекторлар 7 бағыт бойынша сынға түсті

Сайыс бағдарламасы тек құрғақ теориямен шектелмей, оқушылардың төтенше жағдайда әрекет ету қабілеттерін де тексеруге негізделген.

Сайыстың негізгі кезеңдері: Жол ережесі тесті, велосипедті маневрлеп жүргізу, автоқалашықта айдау, үздік реттеуші, алғашқы медициналық көмек көрсету (үздік санитаршы) секілді кезеңдерді қамтиды.

Әділет Сәлімов, Жылыой ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция рота командирі:

«Жарыс жалпы саны 7 негізгі бағыт бойынша өтіп жатыр. Бірінші кезеңде оқушылар жол белгілері мен ережелері бойынша арнайы тест тапсырады. Екінші кезеңде велосипедті арнайы автоқалашық ішінде түрлі кедергілерден өткізіп, маневрлеп жүргізу шеберлігін көрсетеді. Бұдан бөлек, „Үздік реттеуші“, алғашқы көмек көрсету дағдылары бойынша „Үздік санитаршы“, „Үздік медбике“ аталымдары мен тағы басқа бағыттар бойынша сайыстар ұйымдастырылды».

Жеңімпаз облыста бақ сынайды

Сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының әділ шешімімен оқ бойы озық шығып, І орынды №4 М. Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің командасы жеңіп алды.

Аудандық кезеңде топ жарған мектеп оқушылары енді алдағы уақытта өтетін облыстық кезеңде Жылыой ауданының намысын қорғайтын болады.

Оқи отырыңыз...

МАҢҒЫСТАУДА 200-ДЕН АСТАМ САРБАЗ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТРЕНИНГКЕ ҚАТЫСТЫ

РЕКОНСТРУКЦИЯ ЗА 1,1 МЛРД ТЕНГЕ: ЖИТЕЛИ МИКРОРАЙОНОВ АТЫРАУ ЖДУТ ОКОНЧАНИЯ РЕМОНТА ДОРОГ

«ЕСІМІ ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН АНА»