Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыЖаңалықтар

ОЙЫН АЛАҢЫ ЕМЕС, ҚАТЕР КӨЗІ: АҚТӨБЕДЕ 10 ЖАСАР БАЛА ҮШКІР ТЕМІРГЕ ҚҰЛАП, АУЫР ЖАРАҚАТ АЛДЫ

Caspian News, 21 мамыр. Ақтөбе қаласында балалардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп тұрған сапасыз ойын алаңында оқыс оқиға орын алды. Ойын алаңында алаңсыз ойнап жүрген 10 жастағы Әмір есімді жеткіншектің аяғы тайып, орындық астынан шығып тұрған үшкір темірдің (арматураның) үстіне құлаған. Салдарынан баланың сан еті терең жыртылып, қатты қансыраған. Жақын маңдағы тұрғындардың дер кезінде байқауымен оқиға орнына жедел жәрдем шақыртылды. Дәрігерлер баланың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін шұғыл ота жасауға мәжбүр болған.

Жақындарының жанайқайы: «Нысанның иесі жоқ»

Зардап шеккен баланың туыстары бұл алаңның әу баста-ақ ешқандай қауіпсіздік талаптарына сай салынбағанын және мұнда балалардың жарақат алуы бірінші рет емес екенін айтып налиды.

Данара Даришева, зардап шеккен баланың туысы:

«Баланың аяғы екіге ойылып, айрылып қалды. Оны көрудің өзі мүмкін емес еді. 103 бригадасы келіп, баланы бірден шұғыл түрде ота жасау бөлмесіне алып кетіп, аяғын тікті. Ол жердегі үшкір темірлер — отырғыштарды бекіту үшін қалдырылған арматуралар.

Қазіргі таңда әкімдік мердігерге сілтейді, ал мердігер нысанды тапсырған жоқпыз деп әкімдікке ысырады. Салдарынан бұл алаң қазір ешкімнің теңгерімінде (балансында) жоқ, яғни иесіз қалып отыр. Бұл жер балаларымыз үшін өте қауіпті. Тұрғындар ашық жатқан темірлердің қаупін бірнеше рет ескерткен. Мұндай жағдай бірінші рет емес, осыған дейін осы алаңда менің өз қызымның бас сүйегі сынған болатын. Сондай-ақ талай баланың басы жарылып, қолдары сынып, әткеншектен құлап жатады».

Әкімдік уәжі: Дау Жоғарғы сотта қаралып жатыр

Ресми мәлімет бойынша, аталған балалар алаңы 2024 жылы жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде салынған. Алайда, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігінің өкілдері құрылысты жүргізген мердігер компания жұмысты өрескел заңбұзушылықтармен және сапасыз атқарғандықтан, нысанды мемлекет меншігіне қабылдаудан бас тартқан. Қазіргі уақытта екі тараптың арасындағы сот процесі созылып жатыр.

Жәдігер Балтабай, Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімшілігінің ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

«Қазіргі таңда мердігер мекеме екі инстанцияның сотында да ұтылып тұр. Сот оның талап арызын қанағаттандырған жоқ. Енді мердігер мекеме кассациялық тәртіппен Жоғарғы сотқа шағымданды. Қазір іс Жоғарғы соттың қарауында. Біз Жоғарғы соттың түпкілікті шешімін күтеміз. Егер сот шешімі мердігердің шағымын қанағаттандырмаса, біз заң бойынша мердігер мекемеге балалардың өміріне қауіп төндіріп тұрған барлық элементтер мен арматураларды толықтай алып тастауды және кемшіліктерді жоюды ресми түрде міндеттейтін боламыз».

Тұрғындар талабы: Ауыр жарақат алып, аурухана төсегіне таңылған 10 жасар Әмірдің ата-анасы мен ауыл тұрғындары кінәлі тұлғалардың заң алдында жауап бергенін талап етеді. Олар балалардың ανέмелі демалысы мен қауіпсіздігіне арналуы тиіс орынның жарымжан ететін қатер ошағына айналғанына наразы және биліктен шұғыл шара қолдануды сұрайды.

Оқи отырыңыз...

«ЖЕМ АРУЫ» АНСАМБЛІ 40 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН МАХАМБЕТ ТЕАТРЫНЫҢ САХНАСЫНДА ТОЙЛАДЫ

БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ МАҚАТ ХАЙРУЛЛИНДІ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

УЧАСТНИКАМИ ЖИЛИЩНОЙ ПРОГРАММЫ «ОТАУ» СТАЛИ 120 ЧЕЛОВЕК В МАНГИСТАУ